Павлодарда сотқарлар жеті жасар баланың тілін қайшымен тілгілеген

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Жапа шеккен бала қазіргі күні облыстық балалар ауруханасына жатқызылған. Дәрігерлер оның жағдайы орташа ауырлық дәрежесінде екенін хабарлады.

полиция
Фото: Абай облысы ПД

Облыс орталығында жастары шамамен 10-дардағы екі бала 7 жасар жеткіншекке шабуылдап, тілін қайшымен кескілеп кеткен.

Бұл туралы жапа шеккен баланың анасы әлеуметтік желіде шағымданды.

Оның айтуынша, оқиға 9 желтоқсан күні Айманов көшесі, 50-үй мекенжайында күндіз сағат 13.00 шамасында болған.

- Ұлыма жас шамалары 10-дағы екі ер бала шабуыл жасаған. Жерге жығып, тепкінің астына алған. Қайшымен тілін тілгілеген. Қазіргі уақытта ұлым облыстық балалар ауруханасының травматология бөлімшесінде ми шайқалу диагнозымен жатыр. Сіздерден өтінетінім, оқиға кезінде бұл аумақтан өтіп бара жатып жағдайды көрген куәгерлер болса, хабарласыңыздар, - деп жазды анасы.

Өңірлік балалар ауруханасының травматолог-дәрігері Мұсайып Төлеубаевтың айтуынша, баланың жағдайы орташа ауырлық дәрежесінде. Баланы тексеру кезінде жабық бас сүйек-ми жарақаты белгілері, жоғарғы ерні мен тілінде жарақаттар анықталған. 

- 2018 жылғы туған ер бала қазіргі сәтте ешбір отаны қажет етпейді. Оған консервативтік ем-дом тағайындалды. Ерніндегі және тіліндегі жарақаттар қауіпті емес және аталған ағзалардың одан әрі қабілетін жоғалтуына апарып соқтырмайды, - дейді ол.

Облыстық полиция департаменті кәмелетке толмағанға қасақана жеңіл дене жарақатын салу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады.

- Оқиғаға қатысы бар кәмелетке толмағандарды анықтау және оларды ұстауға бағытталған қажетті шаралар жүргізілуде. Қылмыстық іс аясында олардың заңды өкілдерінің әрекеттеріне құқықтық баға беріледі. Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың мінез-құлқы олардың құқықтарын қорғау жөніндегі және кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияда қаралып, есепке қою мәселесі шешіледі. Оқиғаның мән-жайлары мен себептері тергеу барысында анықталатын болады, - деп мәлімдеді департаменттен.

Ал Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова болған жағдайдың мән-жайын анықтап, қажетті көмек көрсету үшін баланың анасымен байланысқа шыққанын хабарлады. Балаға жүйелі түрде көмек көрсету үшін Психологиялық қолдау орталығына тапсырма берілген. Қазіргі уақытта жағдай өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкілдің бақылауында.

Еске сала кетейік, былтыр Павлодарда жетім қыздарды төсек қатынасына тартудың 8 дерегі тіркелген

Соңғы жаңалықтар