Павлодарда сұрапыл жел шатырларды ұшырып, ағаштарды құлатып жатыр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар облысының аумағында өткен түннен бері қатты дауыл тұрып, ғимараттар мен коммуналдық желілерге зақым келтіріп жатыр. Желдің жылдамдығы кейбір жерлерде секундына 32 метрге дейін жеткен.

Дауыл
Фото: Видеодан скриншот

Павлодарда жылдамдығы секундына 32 метрге дейін жететін сұрапыл жел соғып тұр. Дауыл салдарынан облыс аумағында ғимараттардың шатырлары ұшып, аулаларда өсіп тұрған ағаштар құлаған. Кейбір жерлерде құлаған ағаштардың автокөліктерді басып қалғаны туралы бейнежазбалар тарап кетті.

109 бірыңғай байланыс орталығының хабарлауынша, бүгін таңертеңнен бері Павлодар қаласы тұрғындарынан шатырлардың ұшуы, ауладағы ағаштардың құлауына қатысты өтініш-шағымдар толассыз түсіп жатыр.

— Ағаштардың құлауы бойынша шамамен — 25, ал шатырлардың зақымдалғаны туралы 7-8 өтініш тіркелді. Біздің мамандарымыз қабылдап алған өтініштердің барлығы қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне бірден жолданады. Ал бөлім өз кезегінде арнайы бригадалар шығарып, құлаған ағаштар мен шатыр бөліктерін жинау, тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр, — деп мәлімдеді 109 бірыңғай байланыс орталығының директоры Абзал Қабдраш.

Бұған қоса бүгін таңертеңгілік облыс орталығындағы тұрғын үйлердің көбінде ыстық және суық су жоғалып кетті. 109 орталығы бұл жағдайға қатты желдің салдарынан электр желісінде ақау туындап, су сорғылары ажыратылғаны себеп болған деп жауап берді. «Водоканал» компаниясының мәліметінше, қазіргі уақытта су құбырлары толтырылып, қысым қалпына келтіріліп жатыр.

Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбековтің ақпарынша, қала көшелеріндегі зақымданған жарық құрылғылары мен бағдаршамдарды, электр беру желілерін қалпына келтіру бойынша 15 апаттық бригада, құлаған ағаштарды жинау бойынша 10 бригада жұмыс істеп жатыр. Бұдан бөлек, облыс орталығында және қалаға қарасты ауылдарда зақымданған электр желілерін қалпына келтіруге «ПРЭК» АҚ-ның 18 жедел бригадасы жұмылдырылды.

Ал «Қазгидромет» РМК Павлодар облыстық филиалының басшысы Галина Шпак дауыл ертең таңертеңге дейін жалғасатынын жеткізді.

— Бүгін таңертеңгілік желдің максималды жылдамдығы Ақтоғай, Баянауыл аудандарында тіркелді, секундына 32 метрге дейін жеткен. Біздің болжамымызша, дауылдың жылдамдығы секундына 33 метрге дейін соғуы мүмкін. Ертіс, Шарбақты, Ақтоғай, Баянауыл аудандарында желдің әсері айрықша сезіледі. Бұған қоса алдағы түнде облыс аумағында 7 градусқа дейін аяздатуы ықтимал, — деп хабарлады мекеме басшысы Kazinform агенттігінің тілшісіне.

Облыстың бірқатар елді мекендерінде электр жарығының өшіп қалғаны туралы хабарлар тарап жатыр.

Өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі желдің салдарынан туындаған оқыс оқиғалар бойынша мәліметтер әзірше жинастырылып жатқанын, ақпарат кейінірек болатынын хабарлап отыр.

Еске сала кетейік, Павлодарда күшті жел салдарынан үстіне ағаш құлаған әйел жан тапсырды.

Қатты желге байланысты Павлодар облысының барлық аймағында сабақтар онлайнға көшірілді.

Соңғы жаңалықтар