Павлодарда Тәуелсіздік күніне орай жалпыхалықтық күй тарту жобасы басталды

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын тойлау аясында «JEBE» қоғамдық бірлестігі «Күй керуені» жалпыхалықтық жобасын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Павлодарда Тәуелсіздік күніне орай  жалпыхалықтық  күй тарту жобасы басталды

Ерекше жоба бүгін, 16 қарашада, сағат 15.00-де Естай атындағы мәдениет сарайында бастау алды.

- Жобаның тұсаукесеріне И.Байзақов атындағы облыстық филармония және өңіріміздің барлық қала, аудандарындағы өнерпаздар бір мезгілде қатысты. Азат елдің айбынын асыратын айырықша бастамаға бір уақытта мыңдаған адам қатысып, дала мен қаланы бір мезетте домбыраның күміс күмбіріне бөлемек, - деді «JEBE» ҚБ мүшесі Алпысбай Хонж.

Жаңа жобаға Павлодар облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, сондай-ақ облыстық білім беру басқармасы қолдау көрсетуде.
Жоба басталған сәтте Павлодар облысының барлық қала, аудандарындағы жеке өнерпаздар, өнер ұжымдары, мектеп оқушылары күй шертті. Сондай-ақ Қазақстаннан тыс Монғолияның Баян-Өлгей қаласынан «Күлтегін» өнер ұжымы да домбыраларын қолына алып, қолдау білдірді.

Қазақтың тағдырымен біте қайнасқан осы домбыра. Негізгі мақсатымыз – қазақтың даласы домбыра үнімен тербеліп тұруы, жастардың бойына отансүйгіштік сезімді дарыту. Сондықтан тек облыспен шектелмей, еліміздегі, жер бетіндегі барша қазақты осы бастамаға қосылуға шақырамыз, - деді Алпысбай Хонж.

«Күй керуені» жалпыхалықтық жобасы осы жылдың 16 қарашасы мен 16 желтоқсаны күндері өтеді. Шараға ниетті кез келген жан (жеке адам, отбасымен бірге, ұжым болып) қатыса алады.