Павлодарда трамвай астында қалып қойған екі қыздың бірі оқиға орнында көз жұмды

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар қаласының Кутузов көшесінде адам өліміне әкеп соққан жол көлік оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Павлодарда трамвай астында қалып қойған екі қыздың бірі оқиға орнында көз жұмды

«Павлодар қаласының трамвай басқармасы»АҚ баспасөз хатшысы Тимофей Голевтің айтуынша, жол көлігі апаты бүгін таңертең 7.42-де болған. Кутузов көшесінің бойымен қозғалып келе жатқан трамвай жаяу жүргіншілер жолағы жанындағы «Аймауытов театры» аялдамасының алдында жол көлігі апатына ұшырады. Трамвайды 1987 жылғы  қыз басқарған. Еңбек тәжірибесі - 5 жыл.

Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше,  2007 және 2009 жылғы екі мектеп оқушысы трамвай астына түсіп қалған. 10 жастағы қыз ауыр жарақат алуы салдарынан оқиға орнында көз жұмды. 8 жастағы екінші қыз облыстық балалар ауруханасының жан сақтау бөлімшесіне жеткізілді. Оны нейрохирург, травматолог, реаниматолог мамандар қарап жатыр. 

«Жағдайы ауыр, қатты соққы алған. Таңертең сағат 8.10-да жекізілді», - деп хабарлады ведомство.