Павлодарда тұрақты қорда сақталған картоп түгесілуге айналды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Қазіргі уақытта тұрақтандыру қорында небәрі 250 тоннадай картоп қалған. Әлеуметтік дүкендерде оның килограмы 99 теңгеден сатылып жатыр.
«Павлодар ӘКК» қоймадағы картоптың азаюына байланысты Өзбекстанмен тез пісетін өнімді жеткізу бойынша келісім жасап қойған.
«Өзбекстаннан алдағы айларда тез пісетін 400 тоннадай картоп жеткізіледі. Біздің аймағымыз картоп өндіру бойынша елімізде көшбасшы болғанымен, жиналатын өнім небәрі жылға жетер-жетпес уақыт сақтауға жарамды. Яғни қоймалар оны әрі кетсе маусымның басына дейін сақтай алады. Одан соң өнім Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан елдерінен жеткізіле бастайды. Өзбек елінен әкелінетін картоптың бағасы қазір жеткізушілермен бірге талқыланып жатыр», дейді «Павлодар ӘКК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Бек Оразғұлов.
Бұған қоса оңтүстік өңірлерден 200 тонна пияз жеткізілуі мүмкін.
Еске сала кетейік, бұған дейін Керекуде далада тау боп үйіліп жатқан картоптың кімге тиесілі екені туралы жазған едік.