Павлодарда тұрғын үйден шыққан өрт бір мезетте 6 пәтерді шарпыған
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Бүгін кешкілік облыс орталығында 10 қабатты үйдің балкондары өртенді. Тұрғындар оқиға кезінде өз беттерімен эвакуацияланған.

- 9 шілде күні сағат 18:28-де Павлодар қаласының Естай көшесінде орналасқан 10 қабатты тұрғын үйден өрт шықты. Өрт 7-ші қабаттан 10-шы қабатқа дейінгі балкондарды шарпыған. Тілсіз жау жалпы саны 6 пәтерге кірген. Бұл пәтерлер үш азаматқа тиесілі. Өрт сөндірушілер келгенге дейін тұрғындар өз бетінше эвакуацияланған. Төтенше жағдайлар департаменті бөлімшелерінің жедел іс-қимылдарының арқасында өрт сағат 19.14-те оқшауланып, толығымен сөндірілді. Жалпы ауданы 60 шаршы метрді құрады, - деп хабарлады Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен.

Оқиға орнында 31 адамнан тұратын төтенше жағдайлар қызметінің күштері мен құралдары және 13 техника, сондай-ақ Апаттар медицинасы орталығы жұмыс істеді. Зардап шеккендер жоқ.
