Павлодарда тұрғындарды 12 млн теңгеге алдаған жиһаз жасаушы сотталды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодарда жиһаз жасауға тапсырыс қабылдап, тұрғындарды 12 млн теңгеге алдаған 39 жастағы ер адам бас бостандығынан айырылды.
Сот отырысында анықталғандай, оның құрбаны болғандардың саны 20-ға жуықтайды.
Тұрғындар асүй жиһазы, шкаф және басқа да бұйымдарға тапсырыс бергенімен, ақшасын төлеген соң жиһаздарын ала алмаған. Күдікті тапсырыс берушілерден алдын ала төлем ретінде бұйым құнының 70 пайызын, ал кейбірінен толық сомасын алған. Қылмыстық іс аясында келтірілген жалпы шығын 12 млн теңге.
Жәбірленушілердің бірі Елена Кабусеваның айтуынша, ол жиһаз жасатуға шамамен 1 млн теңге берген. Ал кейбір тұрғындар 300-400 мың теңгеден төлеген.
— Сот процесі кезінде кейбір адамдарға ақшасын толық қайтарды. Алайда көпшілігі қаражатын әлі алған жоқ. Біріне ақшасының бір бөлігін ғана берсе, енді біріне мүлде қайтармаған, — дейді тұрғын.
Қылмыстық істі қараған сот ер адамның алаяқтық жасағаны дәлелденген деген қорытындыға келді. Бастапқыда оған үш жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Дейтұрғанмен жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты жарияланған рақымшылықты қолдану нәтижесінде жаза мерзімі 2 жыл 3 айға дейін қысқартылды.
— Келтірілген залалдың басым бөлігі өтелмеген. Осыған байланысты сот бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Дегенмен жаза мерзімі заңда көзделген ең төменгі шекке жақын, — деп түсіндірді Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Жұлдыз Тілегенова.
Сотталған азамат сот залында қамауға алынды. Сонымен қатар оған үш жыл бойы жиһаз жасауға байланысты қызметпен айналысуға тыйым салынды.
Сот үкімі әзірше заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, Павлодарда арзан ипотека рәсімдеймін деп жұртты 80 млн теңгеге алдаған жігіт сотталды.