Павлодарда тұщы және тұзды көлдер орналасқан жер заңсыз сатылмақ болған

АСТАНА. KAZINFORM — Ақтоғай ауданының прокуратурасы аумағында су объектілері мен су қорғау аймақтары орналасқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін заңсыз беру әрекетінің жолын кесті. Бұл туралы Прокуратура мәлім етті.

Павлодарда тұщы және тұзды көлдер орналасқан жер заңсыз сатылмақ блған
Фото: Pexels

Тексеру барысында тұщы және тұздыкөлдер, сондай-ақ тұз өндіруге пайдаланылатын су айдындары орналасқан үш жер учаскесінің конкурсқа шығарылғаны анықталды.

— Конкурс құжаттамасын әзірлеу кезінде мемлекеттік орган тарапынан арнайы рәсімдерді өткізуді және қажетті келісімдерді алуды көздейтін Су кодексінің міндетті талаптары сақталмағаны белгілі болды. Нәтижесінде мүдделі тұлғаларға тек жер учаскелеріне ғана емес, жалпы аумағы 60 гектардан асатын, ерекше маңызға ие және мемлекет қорғауындағы су ресурстарына да қол жеткізу мүмкіндігін беру әрекеті жасалған, — деп хабарлады құзырлы органнан.

Прокурорлық қадағалау актісі бойынша заңсыз конкурс нәтижелері жойылып, анықталған заң бұзушылықтар жойылды. Табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану саласындағы мемлекеттік мүдделер қорғалды.

Жіберілген заң бұзушылықтар үшін кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауаптылыққа тартылды.

Айта кетейік, Қызылордада құны 86 млн теңге жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды.