Павлодарда Ұлттық ұлан оркестрі ғасыр жасаған соғыс ардагеріне мереке сыйлады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Мария Матюшина келер жылдың қаңтар айында 100 жасқа келеді. Ол небәрі 16 жасында өз еркімен сұранып, майдандық курсқа жазылады да соғысқа аттанып кете барған.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6679 әскери бөлімінің әскери қызметшілері Ұлы Отан соғысының ардагері Мария Матюшина тұратын үй ауласында оркестрмен концерт қойды.

Соғыс жылдары айтылған әуезді әндерді шырқап, ерлікті сипаттайтын оркестрлік шығармаларды орындады.

Қария ұландықтардың өнеріне ризашылығын білдіріп, батасын берді.
— Біздің бүгінгі басты міндетіміз әрі парызымыз — Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің әрқайсысына қамқорлық көрсету, олардың ерліктері үшін шексіз алғысымызды білдіру. Сондықтан әскери бөлім оркестрі де қарияның көңілін аулап, бойын сергіту мақсатында соғыс жылдарындағы әуезді әндерден попурри орындады. Біз соғыс ардагерлерінің үйлеріне барып, жағдайын сұрап тұрамыз, — дейді 6679 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, майор Назбек Мәліков.
Мария Алексеевна 1926 жылы 19 қаңтарда жұмысшы отбасында дүниеге келген.

1942 жылы он алты жасар бойжеткен Новомосковск қаласына тәжірибеге келіп, ата-анасынан жасырын түрде әскери маскировка курстарына ерікті болып жазылады. Кейін майданға алынып, қорғаныс құрылысы басқармасының 225-ші құрамында, 104-ші әскери құрылыс жасағының сапында Беларуссияға дейін жетеді. Ардагер жеңісті Финляндия шекарасында қарсы алған. Сұрапыл соғыс аяқталғаннан кейін тұрмыс құрып, үш ұл мен бір қыз тәрбиелеп өсіреді. Кейуананың 11 немересі, 29 шөбересі, 3 шөпшегі бар.

Еске сала кетейік, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне Жеңістің 80 жылдығы медалі беріледі.