Павлодарда үш мектеп жаңа оқу жылына дайын емес

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодардың №5 мектебінде есіктер мен еден ауыстырылып, қабырғалар әрленіп жатыр. Сондай-ақ жылу және электрмен жабдықтау желілері жаңартылып, акт және спорт залдары жөнделуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None

Облыс әкімі Асайын Байхановтың айтуынша, мұндағы жөндеу жұмыстары оқу жылы аяқталуын тоспастан мамыр айында басталған. Ол үшін тіпті оқушыларды басқа мектепке ауыстырды. Енді олардың 1 қыркүйекте жаңа партада отырмау қаупі бар.

«Мердігер жөндеу жұмыстарын уақытында аяқтай алмай отыр. Егер ол жұмыстарды жылдамдатпаса, біз оны жосықсыз жеткізуші ретінде тануға және лицензиядан айыруды талап етуге мәжбүр боламыз. Бүгінгі күні нысандағы жөндеу жұмыстарында артта қалу байқалады. Қазіргі уақытта облыс орталығындағы жөнделіп жатқан 15 мектептің ішінде 3 нысан уақыты бойынша артта қалып отыр. Мердігерлер олардың екеуінде жұмыс қарқынын үдетті және қазір артта қалған жұмыс көлеміне жетіп алуға тырысып жатыр. Менің талабым - сапаға зиян келтірмеу», - дейді облыс әкімі.

Күрделі жөндеуді уақтылы аяқталмай отырған - № 2, 5, 14 мектептер. Бұл ретте № 2 және № 14 мектеп мердігерлері жұмыс қарқынын үдеткен.

№5 мектептің де мердігері жұмысты уақытында аяқтап, нысандағы жұмысшылар санын көбейтуге және бірнеше ауысымда жұмыс істеуге уәде берді.

Өңір басшысы мемлекеттік органдарға бұл жұмысты қатаң бақылауға алып, оқу жылының уақытында басталуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Әйтпесе мердігерлерге әкімшілік сипаттағы шаралар қолданылады (лицензиядан айыру және жосықсыз деп тану).

Сонымен қатар, Асайын Байханов облыстың үш қаласындағы мектептер аумағына қажетті асфальт төсемінің көлемін есептеп, келесі жылы осы жұмыстарды облыс орталығының балабақшаларында жүргізілген жұмыстар сияқты жүргізуді тапсырды.

Естеріңізге саламыз, биыл Павлодар қаласының 43 мектепке дейінгі мекемесінің аумағына асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде.


Соңғы жаңалықтар