Павлодарда вокзалға «бомба қойған» күдікті ұсталды
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодардағы теміржол вокзалына жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған ақпарат берген ер адам анықталып, ұсталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«26 қаңтар күні сағат 22:00-дер шамасында полицияға белгісіз адамнан теміржол вокзалының ғимаратына жарылғыш зат қойылғаны туралы телефон хабары келіп түсті. Оқиға орнына жедел қимыл жасақтары шұғыл түрде жетті», - дейді Павлодар облысы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіндегілер.
Саперлар жарылғыш затты таппаған. Ал жалған ақпарат берген күдікті тез арада ұсталды.