Павлодарда жағажайлар ресми түрде 3 маусымнан ашылады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Мамандар арнайы жабдықталған жағажайларда ғана суға түсу керектігін ескертіп отыр. Арнайы рұқсаты жоқ орындарда шомылған азаматтарға 7 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынуы ықтимал.

Павлодар қаласында суға түсу маусымы 3 маусымнан ресми түрде ашылады. Қаладағы 6 жағажай тынығушыларды қабылдауға дайын.
Бұл туралы Павлодар қаласы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

«Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары шаһардағы жағажайларды сүзіп шығып, олардың қауіпсіз екенін растады. Соған орай биыл жағажайлар жұмыстарын жылдағыдан ерте бастайды. Сәуір айынан бері қалалық жағажайларды абаттандыру бойынша дайындық жұмыстары жүргізілді. Күннен қорғайтын құрылғылар, пирстер мен террасса тақталарын, жатақтар мен құтқару мұнараларын қалпына келтіру және жөндеу, су құбырларын, ауызсуға арналған субұрқақтарды, шешінетін орындарды, душтар мен балаларға арналған бөлек аймақтар, буйларды орнату жұмыстары жүргізіліп болып қалды. Бір ғана Орталық жағажайда 1500 ағаш сәкі, 12 душ және 8 ауызсу сұрбұрқағы орнатылған. Ал балаларға арналған қоғамдық бассейн 1 маусымнан іске кірісті. Қызметі әдеттегідей тегін. Күн сайын сағат 9.00-20.00 аралығында жұмыс істейді. Әр дүйсенбі – тазалық күні, жабық болады. Орталық және Усолка жағажайларында 18 бейнебақылау камерасы орнатылған, олар төтенше жағдай департаментінің құтқару стансаларына қосылған», - деп мәлімдеді қалалық әкімдіктен.

Ал облыстың өзге қалалары мен аудандарындағы жағажайларда әзірше рұқсат берілген жоқ. Мәселен, Баянауыл ауданындағы «Жасыбай» демалыс аймағында туристік маусымның ресми ашылуы 14 маусымға жоспарланған.
Өңірлік төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының офицері, капитан Темірлан Жапалбайдың айтуынша, облыстағы 47 жағажайдың небәрі 13-і ғана арнайы тексеруден өткен.

- Жергілікті атқарушы органдар тарапынан түскен хаттамаға сәйкес, біздің департамент мамандары мен атқарушы орган өкілдері енген арнайы топ әрбір жағажайдағы су түбін зерделеп, ол жердегі тиісті жабдықтардың болуына көз жеткізеді. Қазіргі күні 19 хаттама түсіп, 13 хаттама бойынша тексеру жүргізілді. Біз өз тарапымыздан шешімдерімізді айтамыз. Ал жағажайдың ресми түрде жұмыс істей бастауына атқарушы органдар рұқсат береді,-дейді департамент өкілі.

Еліміз бойынша 1 маусымнан бастап жазғы суға түсу кезеңі ашық деп жарияланғанымен, бұл жерде өңірлердегі климаттық жағдай ескеріледі. Мәселен, Павлодардағы Ертіс өзені көктемде тасып, арнасы кеңейіп кететіні белгілі. Суға түсу маусымын ашу үшін өзеннің жазғы арнасына қайтып оралуын күту қажет. Мамандар өзен арнасы енді ғана арнасына түскенін, соған орай жағажайларды тексеру, жабдықтау жұмыстары басталғанын айтады.
- Былтыр облыста 8 адам суға кетіп, қаза болды. Мұндай қайғылы жағдайға ұрынбау үшін азаматтарды суға түскенде сақ болуын ескертеміз. Әсіресе, жабдықталмаған орындарда суға түспеу керек. Мысал үшін Павлодарда 6 жағажай бар болса, оның 4-і – коммуналдық. Көпшілік аталған жерлерде ғана шомылғаны дұрыс. Әйтпегенде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 412-бабына сәйкес, жеке тұлғаларға 7 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Жоғарыда барлық жағажайлар дайын емес дедім ғой. Толық жабдықталмаған, ашылуына әзірше рұқсат берілмеген жағажайларда суға түскендерге де осындай әкімшілік жаза қарастырылған,-дейді Темірлан Жапалбай.

Облыс орталығындағы жағажайларда тынығушылардың қауіпсіздігін «Элекор» ЖШС-нің 16 құтқарушысы қамтамасыз етеді. Ал облыс бойынша төтенше жағдайлар департаментінің жедел құтқару жасағынан бөлек, жағажайларға қызмет көрсететін мекемелер мен фирмалардың құтқарушылары бар. Олар «нұсқаушы» деп аталады. Департамент оларды арнайы оқытып, рұқсат қағазын береді. Биыл 64 нұсқаушыны оқытуға өтінім түскен.
Бұған дейін биыл жазда Павлодар облысында 47 жағажай жұмыс істейтіні туралы жазғанбыз.