Павлодарда жаңа ашылған мектепке Мұзафар Әлімбаевтың есімі берілді

«Затон» шағын ауданында мектеп құрылысы 2019 жылы басталған болатын. Нысан 2021 жылы тапсырылуы керек еді, бірақ мерзімінен бұрын орындалды. Сапасына нұқсан келген жоқ - мердігерлердің жұмысын жауапты органдармен мен ата-аналар қауымдастығы да қадағалады.
Жаңа білім ошағына Мұзафар Әлімбаевтың есімі берілді. Қазақстан халық жазушысы, ақынның құрметіне мектепте шағын музей ашылды.
«Атақты жерлесіміздің есімін мұндағы оқушылар мен ұстаздар қайта жаңғыртып, мектеп биік жетістерге жететініне сенімдімін», - деді өңір басшысы Әбілқайыр Сқақов онлайн режимінде өткен мектептің ашылу салтанатында.
600 орындық оқу орнында барлық кабинеттер мен рекреациялық аймақтар «Заманауи мектеп» бағдарламасы бойынша жабдықталды. Асханада «e-pit» жүйесі орнатылды, соның арқасында мектеп басшылығы тамақтану сапасын бақылайды және оқушылардан пікір қабылдайды. Сонымен қатар мектепте барлық танымал спорт түрімен айналысу үшін спорт залы толығымен жабдықталған.
Әбілқайыр Сқақов биыл «Заманауи мектеп» бағдарламасы бойынша жөнделген Павлодардың үш мектебіне барды. Инновациялық типтегі №34 мектепте әкім жаңартылған кабинеттерді, спортзал мен асхананы аралап шықты. №28 мектепте өңір басшысына жоғары сынып оқушыларына арналған кабинеттер мен кітапхананы неғұрылым ашық етіп жасау туралы шешім қабылданғанын айтылды. Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған гимназия-интернатында Әбілқайыр Сқақовқа биология, физика және химия бойынша тәжірибелерге арналған зертхана, сондай-ақ мұнда бұрын өткізілмеген технологиялық сабақтарға арналған STEM-кабинет таныстырылды.
Ауылдан келген оқушылар тұратын мектеп жатақханалары да жөнделді. Жалпы «Заманауи мектеп» жобасы бойынша биыл Павлодардың алты мектеп күрделі жөндеуден өтті. Бағдарламаны іске асыру келесі және одан кейінгі жылдары да жалғасады.