Павлодарда жаңа емхана ашылды

ПАВЛОДАР. 4 шілде. ҚазАқпарат - Бүгін Павлодарда Астана күні мерекесін тойлау қарсаңында 50 мың адамға қызмет көрсететін жаңа емхана ашылды.
None
None

Облыс әкімі Ерлан Арын денсаулық сақтау саласының мамандарын құттықтай отырып: «Халыққа медициналық қызмет көрсету деңгейін жақсарту - ел дамуының басым бағыттарының бірі. Біздің басты міндетіміз - денсаулық сақтау саласында заманауи жүйелерді құру, халыққа сапалы және қолжетімді медициналық қызмет көрсету»,- деді.
Өңір басшысы бүгінгі өткен республикалық селекторлық отырыста Павлодар облысы жедел медициналық көмек көрсетуді дамыту бойынша барлық көрсеткіштердің орындалғанын айтты.
Медициналық мекеменің заманауи ғимаратында учаскелік қызмет, салалы мамандар кабинеті, диагностикалық-зертхана кешені, физиотерапиялық бөлім және 30 орынға шақталған күндізгі стационар орналасқан.
Мұндағы 72 дәрігер мен 119 орташа медициналық қызметкерлер күнде 500-ге дейін науқас қабылдайды. Емхана сандық рентгенография, флюрография, рентген диагностикасы, маммографиялық аппарат, ультрадыбысты зерттеу сканері, заманауи зертхана құрылғысымен жабдықталған.
«Денсаулық сақтау саласының 350 нысаны» республикалық жобасы бойынша Екібастұзда салынып жатқан емхана құрылысы аяқталып келеді, оған қоса, облыс аудандарында 19 дәрігерлік амбулатория мен 1 фельдшер-акушерлік пункт салынады.

Соңғы жаңалықтар
Референдум