Павлодарда жарты ғасыр ауыспаған жылу магистралі жаңарып жатыр
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Облыс орталығында ұзындығы 6 шақырым болатын ТМ-20А жыл магистралінің құрылысы аяқталып қалды. Ол қаланың оңтүстік бөлігін сапалы жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
 
                                              «Бәйтерек» холдингі энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғыртуға биыл қаражат бөлгені мәлім. Павлодар облысында ұлттық жоба аясында сонау 1972 жылы салынып, әбден тозып тұрған жылу магистралі жаңару үстінде.
— Жалпы құны 9,8 млрд теңге болатын жобада ТМ-20А жылу магистралін жаңадан салу көзделген еді. Мердігер компания «ДАНиЕР» ЖШС қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарын аяқтауға жақындап қалды. Жаңа магистралдің өткізу қабілеті ескісіне қарағанда қуаттырақ болады. Жаңа жылу құбыры іске қосылғанда Павлодар қаласының оңтүстігінде орналасқан 600-ден астам көпқабатты тұрғын үйге жылу үздіксіз жеткізіліп, гидравликалық режим жақсара түседі, - деп хабарлады Kazinform тілшісіна өңірлік энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Иманзайыпов.
Қазіргі уақытта Ұлттық жоба аясында Павлодар облысынан тағы 9 жоба қарастырылып жатыр.
Еске сала кетейік, жылу маусымына әзірлік аясында Екібастұзда 20 шақырымнан астам желілер жөнделді.