Павлодарда жас техниктердің «Жастар шығармашылығы» атты форумы өтті
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі, Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы, Павлодар облыстық білім беру басқармасы ұйымдастырған шара жұмысына 7-11 сыныптың 130 оқушысы және олардың жетекшілері қатысты.
Оқушыларға ғылыми-техникалық білім беру - еліміздің зерделілік әлеуетінің қалыптасуына ықпал ететін білім беру жүйесінің басым бағыттарының бірі болып табылады.
Форумның негізгі мақсаты - елдің үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, оқушылардың ғылыми-техникалық шығармашылығын және құрастырушылық ойлау қабілеттерін дамыту, олардың зерттеу және жобалық жұмысының инновациялық дағдыларын қалыптастыру, жас техниктердің озат жұмыс тәжірибелерін анықтау және насихаттау.
Форумға біздің еліміздің түкпір-түкпірінен және ТМД елдерінен техник мамандар мен танымал өнертапқыштар шақырылды. Оқушылардың жұмыстарын С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің педагог мамандары мен ғалымдарынан құралған қазылар алқасы бағалады.
Форумның қорытындысы бойынша, қатысушыларға диплом мен бағалы сыйлықтар, сертификаттар табыс етілді.
Форумның бағдарламасында техникалық шығармашылық көрмесі, секция бойынша жұмыстарды қорғау, ғалымдармен кездесу, жоғарғы оқу орындарына бару, тәжірибе алмасу сабақтары, конкурстық және мәдени бағдарлама қарастырылды.
Форумда 6 бөлім: жас техниктер - агроөнеркәсіп кешені бойынша; жас техниктер - құрылыс индустриясы бойынша; жас техниктер - еліміздің қорғаныстық өнеркәсібі бойынша; жас техниктер - энергетикалық кешені бойынша; жас техниктер - көлік және байланысы бойынша; жас техниктер - ақпараттық, нано-технологиялар және ғарышты игеру бойынша жұмыс істеді.
8-9 қарашада Форум аясында жас техниктерді дайындайтын орталықтар мен мектеп директорларының семинары өтті. Онда республикамыздағы балаларға ғылыми-техника бойынша білім беруге байланысты дамыту бағдарламасының жобасы және оқу-білім бағдарламасы талқыланып, тәжірбие алмасу мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.