Павлодарда жасанды интеллект алименттен қашып жүрген азаматты тауып берді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Ер адамның мойнында алимент бойынша 2 млн теңгедей қарыз болған. Ақылды жүйе көлігінің жүруіне тыйым салынғанын анықтаған.
Бұл туралы өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Қорғау» ақылды жүйесі тыйым салынған көліктерді анықтап, белгі береді. Жүйе орнатылған полиция көлігі көшені патрульдеу кезінде ВАЗ-21150 автомашинасын тізгіндеп жүрген заң бұзушыны анықтады. Көлік құралының иесі 2 млн теңгеге жуық алимент қарызын төлемей келген. Ал көліктің жүруіне тыйым салынған. Сот шешімінен жалтарып жүрген азамат тоқтатылып, көлігі айыппұл тұрағына қойылды. Ер адам борышын толық өтегенше сонда тұрады», - деп мәлімдеді баспасөз қызметінен.
Жасанды интеллекті жыл басынан Павлодар қаласы бойынша осындай 17 көлікті анықтаған. Олардың иелері жалпы сомасы 10 млн теңге қарыз екен.