22:05, 14 Наурыз 2016 | GMT +5
Павлодарда жастар 100-ге тарта зағип жанға кітап оқып береді
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодарда студент жастар көру қабілеті нашар адамдарға қазақ әдебиеті мен исламтану бойынша кітап оқиды.

Бұл туралы Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің жалпы және жастар ісі бөлімінің меңгерушісі Айбек Оралхан мәлім етті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
"Өздігінен кітап оқи алмайтын азаматтарға арнап «Жанды кітап» акциясын қолға алып отырмыз. Жоба Павлодар қаласындағы «Қазақ зағиптар қоғамы» ұйымы және Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы облыстық кітапханамен бірлесе отырып, сәуір айында жүзеге асырылады. Әзірге 80-ге тарта адамның тізімі бар, бірақ бұл тізім алдағы уақытта толыға түсуі мүмкін. Кітаптардың мазмұны қазақ және орыс тілдерінде ұсынылады", - деді А. Оралхан.
Айта кетерлігі, аталмыш шараны жүзеге асыру үшін Павлодар қаласының колледж, институт пен университетінің белсенді жастары тартылмақ.