Павлодарда жастарға арналған интернет-радио іске қосылмақ

Жаңа жоба туралы Жастар бастамаларын дамыту орталығының ақпараттық-техникалық бөлімінің басшысы Дархан Шуренов хабарлады.
«Интернет радио сәуір айында өз жұмысын бастайды. Қазірде Jastime.top сайты құрылуда. Алдағы уақытта қаламыздағы барлық жоғары оқу орындарында трансляция жүргізу ойымызда бар. Бұл интернет-радио арқылы павлодарлықтар жастар саясатына қатысты жаңалықтарды, пәтерді қалай тиімді алуды және қай жерде қандай байқау ұйымдастырылатынын, қалаға қандай жұлдыздардың келетінін біле алады. Бір сөзбен айтсақ, аталмыш жобаның негізгі бағыты - павлодарлық жастарды ақпараттандыру», - деді Д. Шуренов.
Оның айтуынша, болашақта интернет-радионы ұялы телефон арқылы тыңдау үшін Jastime қосымшасы жасалады. Желіде екі жүргізуші жұмыс жасап, әртүрлі жарыстарды ұйымдастырады. Радионың басым бөлігі қазақ тілінде жүргізіледі. Тыңдармандар әлемнің кез келген нүктесінен jastime.top сайтына кіріп, радионы тыңдай алады. - Егер еңбегіміз нәтижелі болып жатса, өзіміздің әуе толқынымызды құруды жоспарлап отырмыз, - деп атап өтті бөлім басшысы.