Павлодарда жедел жәрдем станциясына алты реанимобиль көлігі берілді

«Өңірде жедел жәрдем қызметін жаңғыртуға арналған пилоттық жоба аясында үлкен жұмыстар жүргізілуде, - деп атап өтті Бола Бақауов.
«Мұндай қуанышты жаңалық республика бойынша бізде бірінші болып орын алды. Жаңа көліктер төтенше жағдайлар орын алған кезде қала ішіне небары он минутта, ал облыс бойынша 30 минут ішінде жетіп, шұғыл медициналық көмек көрсете алады. Бүгін берілген реанимобиль көліктері заманауи құрылғылармен жабдықталған. Келесі жылы облыстық бюджеттің есебінен 80 автомобиль алынады. Оның ішінде 10-реанимобиль, 20 жедел жәрдем көлігі және ауыл тұрғындарына арналған 50 машина бар. Осылайша, ауылдардағы жедел жәрдем көліктеріне деген қажеттілікті 100 пайыз жабамыз»,-деді ол.
Сонымен қатар, аймақ басшысы бүгін ашылған психоневрологиялық орталық туралы айтып, жақын күндері Май ауданында омыртқа ауруымен ауыратын адамдарға арналған оңалту орталығы пайдалануға берілетінін және келесі жылы Константиновка ауылында есірткіге тәуелді жандарға арналған орталық ашылатынын тілге тиек етті. Сондай-ақ облыстық онкологиялық орталық құрылысына қажетті қаражат бөлінгенін атап өтті.