Павлодарда жер бөлу саласында қандай кемшіліктер жиі кездеседі
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Ертіс – Баян өңірі бойынша 78 ауылда жайылымдық жер жетіспей отыр. Билік өкілдері жағдай бұлай жалғаса берсе, тұрғындар түлігін қорада ұстау тәсіліне көшу керек деп есептейді.

Атқарушы органдар немқұрайлы қарайды
— Жер кодексінің 48-бабындағы (Мемлекеттiк меншiктегi жер учаскелерiне құқықтарды сауда-саттықта (аукциондарда) алу) тармақтарды жергілікті атқарушы органдардың кейбірі дұрыс назарға алмай, бірқатар жер телімдері конкурста қаралмай (конкурсқа берілмей) жатыр. Бұл әрекет кейін заң бұзушылыққа апарып соқтырады. Екіншіден, бизнес субъектілеріне кеңею үшін берілетін жер талаптарының бұзылуы. Көп жағдайда әлгіндей кәсіпкерлік нысандарына жер ешбір негізсіз бөлінетінін байқаймыз. Яғни кәсіп иесі кеңеюі үшін құрылыс жұмыстарының жобасын ұсынуы шарт. Оны жеке меншік жобалау компаниялары береді. Бірақ ондай құжаттар ұсынылмаған күйде қосымша жер бөлініп кетеді. Үшіншіден, елді мекендерде құрылысқа деп берілген жерлердің ұзақ уақыт пайдаланусыз жатып қалуы. Егер ол 3 жыл бойы игерусіз жатса, Жер кодексінің 92-бабына сәйкес жер телімін тексеруге құқығымыз бар, — дейді өңірлік жер ресурстарын басқару департаментінің бастығы Аян Бексейітов.

Кәсіпкерлік кодексінің 144-бабына сәйкес, аталған мекеме кез келген кәсіпкерлік субъектісіне өз бетімен тексеріс жүргізе алмайды. Ол үшін ең әуелі шағым немесе өтініш түсуі шарт.
Яғни бақылаушы тетігі болғанымен, анықтау тетігі қарастырылмаған. Заңбұзушылықты көрсе де, фермердің немесе кәсіпкердің жеріне аттап басуға болмайды.
Жерлердің мақсатты пайдаланылмай жатқаны туралы атқарушы орган өкілдері немесе заңды және жеке тұлғалар шағым түсіргенде ғана барып іске кісіреді.
Бұл жағдай сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің алдын алады дегенмен, шалғай жерлерде орналасқан жер телімдерінің жай-күйін бақылауда көп қиындықтар туындатып отыр.
Әділетсіздікке тап болған фермерлер
Жыл басынан аталған департамент мамандары 92 тексеріс жүргізіп, 63 заңбұзушылықты анықтаған.
Нәтижесінде жерді жалға алушыларға 33 ұйғарым жолданып, 3 млн теңгеден астан айыппұл салынған.
Тағы бір мәселе, жер бөлу кезіндегі қиындықтар. Ойнатылған конкурстарда ұтылған кәсіпкерлік нысандары көп жағдайда конкурс әділ өтпейді деп шағым түсіріп жатады. Бұл фактор әсіресе жайылымдық жерлерге тән.
Конкурстың дұрыс өткенін тексеру үшін құзырлы органдар тарапынан тексерістер тағайындалып, мәселенің ақ-қарасын анықтағанша қаншама уақыт шығын болады. Бұл екі ортада шабындықтың мезгілі өтіп кетуі мүмкін.
Әлгі жерді бұрыннан пайдаланып жүрген, конкурсты ұтып алған фермерлер жер телімін пайдалана алмай қиналып қалады.

Мұндай мәселеге кезіккеннің бірі — Нұрболат Қожаев. Ол Баянауыл ауданында мал фермасын ұстайды.
— Ұзақ жыл шөп шауып, мал азығын дайындап жүрген жерімді конкурсқа салып ойнатқанда жеңімпаз атанғаныма қарамастан өзге үміткерлер сотқа шағым түсірді. Сот процесі ұзаққа созылып, бұл іске бақылаушы органдар араласты. Осылай жүргенде қара күз түсіп, түлігіме қажетті жем-шөпті уақытында әзірлей алмай қалдым. Қаншама малымды шығындап, шөпті сырттан сатып алуға мәжбүр болдым. Сайып келгенде әлгі жер маған қажетсіз болып қалды, — деп мұңын шақты шаруа.
Фермерлер конкурстарға байланысты заңнамаларды әлі де жетілдіру керек деп есептейді. Себебі кей аудандарда жерді конкурссыз беріп жіберу, әділ бөлмеу сияқты факторлар тыйылмай отыр.
Мысал үшін Май ауданындағы Май ауылдық округінің тұрғыны, «Береке» шаруа қожалығының басшысы Қайрат Бейсекенов осыдан бірер жыл бұрын аудандық жер комиссиясының әділетсіз шешім шығарып, жылдар бойы пайдаланып келген 35,8 гектар жерді өзге бір тұрғынға беріп жібергенін айтып, шағымданды.
Ауылдық округ аумағына енетін әлгі жер телімін шаруа соңғы 4 жылда мал өсіру үшін мемлекеттен жалға алып келген. Ал аудандық комиссия ол жерді не малы, не шөп шабуға лайықты техникасы жоқ өзге біреуге лайықты деп таныған.
Тағы бір жағдайда Май ауданының әкімдігі «Бәсеке», «Қылышбек», «Бақбер» шаруа қожалықтарына және 4 жеке азаматқа тиесілі 122 гектар жерді конкурсқа шығарудан бас тартқан.
Онымен қоймай, сонау 1998 жылдан бері өздері шөбін шауып келе жатқан шүйгін жердің 18 гектарын өзге тұрғындарға негізсіз беріп жіберген. Мұндай әділетсіздіктер заңға қаншама өзгерістер енгізіліп жатқанына қарамастан әлі де бой көрсетіп тұрғаны өкінішті.

Жайылым мәселесі ушыға береді
Облыстық жер ресурстарын басқару департаменті жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау бөлімінің басшысы Марат Шамшиденовтің дерегінше, жалпы соңғы жылдар дересінде пайдаланусыз жатқан ауыл шаруашылық жерлерін қайтару ісі нәтижесіз емес.
2022 жылы аймақта 384 мың гектар, 2023 жылы — 335 мың гектар, былтыр 153,3 мың гектар жер қайтарылған. Ал биылғы меже — 130 мың гектар. Бұл жоспар қазірдің өзінде толықтай орындалған.
Ал өңірлік жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Хамитовтың сөзінше, соңғы екі жылда облыста 255 мың гектар жер қайтарылып, соның 86,2 мың гектары айналымға енгізілген.
— Қайтарылған жердің бәрі тек ауылдардың жанында орналаспаған, шалғай жатқан учаскелер де бар. Маусымдық мал жаю үшін шалғайдағы жерлерге сұранысты көтеру мақсатында инфрақұрылым (құдықтар, ұңғымалар) жүргізу қажет. Жарамсыз жайылымдарды анықтау жер ресурстарын басқару комитетіне ведомстволық бағынысты ұйымның топырақ және геоботаникалық зерттеулер жүргізгенінен кейін мүмкін болады. Ал жалпы жерлерді қайтару бойынша Ақтоғай (107%), Шарбақты (103%), Железин (101%), Май (101%), Успен (100%) аудандары жақсы көрсеткіштер көрсетіп отыр, — дейді ол.
Игерусіз жатқан мыңдаған алқаптардың мемлекетке үздіксіз қайтарылып жатқанына қарамастан облыстың кей жерлерінде жайылым мәселесі өткір тұр.
Ресми статистикада облыс бойынша мал жаюға арналған жайылымдық алқаптардың тапшылығы 78 ауылда анықталғаны және жалпы ауданы 109,9 мың гектар жер жетіспейтіні көрсетілген.
Ең көп тапшылық егін шаруашылығы жоғары дамыған Павлодар, Шарбақты аудандарында және Ақсу қаласының ауылдық аймағында байқалады.

— Жер балансына сәйкес, облыс бойынша жайылымдардың жалпы ауданы 8 млн 276,9 мың гектарды құрап отыр. Оның ішінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 5 млн 141,6 мың гектар бекітілген. Шабындықтардың ауданы 302 мың гектар болса, оның 199,2 мың гектары ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге бекітілген. Жайылымдық жерлердің тапшылығын жою мақсатында былтырдан бері халықтың мұқтажы үшін 26,9 мың гектар жер мемлекеттік меншікке қайтарылды. Елді мекендердің шекаралары кеңейтіліп, нәтижесінде жайылымдық алқаптар қордағы жер есебінен 58,8 мың гектарға ұлғайды. Тұрғындар мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін жалпы ауданы 214,2 мың га жайылым берілді, — деп қосты Мұрат Хамитов.
Қорыта айтқанда, халықтың мұқтаждығы үшін қайтарылған жерлердің есебінен қайта айналымға шамамен 121 мың гектар жайылымдық және шабындық жерлер енгізілген.
Бұл жерлерді қазір тұрғындар пайдаланып жатыр. Алайда өңірде жыл санап егін алқаптарының ұлғаюын, мал басының өсіп келе жатқанын ескерсек, жайылымдардың жетіспеушілігі алдағы уақытта да сақтала береді.
Жер қатынастары басқармасының өкілдері келешекте бұл мәселені шешу үшін жануарларды ұстаудың басқа түрлеріне, мысалы, қорада ұстау тәсіліне көшу керек деп есептейді.
Еске сала кетейік, Оралда кәсіпкер мемлекеттік жер теліміне заңсыз кіріп кеткен.