Павлодарда жер учаскесін мұнаймен ластаған кәсіпорын 34 млн теңге айыппұл төлейді

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты Павлодар облысы бойынша экология департаментіне «Павлодар облысының тұтынушылар одағы» өкілдері Павлодар қаласының Солтүстік өнеркәсіптік аймағында жер учаскесі мұнайы бар қалдықпен ластанғанын айтып шағымданды.
Оқиға орнына шыққан кезде департамент қызметкерлері ластанған учаскені анықтап, топыраққа талдау жүргізді, бұл нормативтердің 100-ден 200 есеге артқанын көрсетті.
Ластанған учаскенің ауданы - 1000 м2 асады. Қалдық көлемі - 104 м3. Экологиялық залал мөлшері – 34 млн теңгеден астам.
Аталған факті бойынша «Ертіс Сервис» ЖШС-не қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізілді.
Нәтижесі бойынша кәсіпорын қалдықтарды кәдеге жаратуға немесе қайта өңдеуге құқығы жоқ үшінші тұлғаларға құрамында мұнайы бар қалдықтарды заңсыз бергені анықталды (ҚР Экологиялық Кодексінің 283-бабының және 288-бабының талаптары бұзылған).
Бұзушылықтарды жою туралы тиісті нұсқама берілді. Тексеру нәтижелері процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданды.
Қылмыстық іс қозғалып, кінәлі тұлғалар анықталып, тергеу шаралары жүргізілуде.
Экология департаменті бұзушылықтарды жою туралы ұйғарымды оның толық орындалуы үшін ерекше бақылауға алды.