Павлодарда жетім жасөспірімдер баспаналы болмақ

Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Нұр Отан» партиясы Павлодар облысы бойынша филиалы төрағасының бірінші орынбасары Илья Теренченко мәлім етті.
Өңірде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жалпы құны 3,5 миллиард теңгені құрайтын 44 жоба жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда облыста мақсат-міндеттері, бюджет көлемі көрсетілген жобалардың тізімі белгіленген. Сондай-ақ, кеңсе қызметкерлері және әрбір бағдарлама мен жоба сарапшылары бекітілген. Мәселен, «Мерей» жобасы облыстық мәслихаттың депутаты, «Победа» ЖШС-нің директоры Александр Поляковтың тәжірибесі негізінде әзірленген. Ол 2016 жылы «Жас ұрпақ» түлектеріне төрт бөлмелі пәтер сатып алған болатын. Олар ата-анасынан айырылған жетім жастар. Кәсіпкердің бұл ісі көпшілік арасында үлкен қолдау тапты. Сондықтан осы тәжірибені жалғастыру туралы шешім қабылданды. Спикердің айтуынша, «Атамекен» бағларламасы аясында 657 млн теңгеге бес жоба, «Ақпарат толқыны» бағдарламасы бойынша 221 млн теңгеге төрт жоба, «Рухани қазына» бағдарламасы бойынша 974 млн теңгеге 14 жоба және «Тәрбие және білім» бағдарламасы бойынша 1 млрд 663 млн теңгеге 21 жоба жоспарланған.
«Өңірлік жобалық кеңседе арнайы 9 аймақтық жоба бар екенін атап өткен жөн. Бұл - «Жыл жанашыры», «Мерей», «Шабыт мекені», «Баянауыл», «Тарихыңды тану», «Тіл керуені», «Өткенге салауат», «Мектебіме тағзым», «Асық ойнайық». Мәселен, «Жыл жанашыры» жобасы аясында 2017 жылдың желтоқсан айында әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешуге атсалысқан Павлодар облысының демеушілері мен меценаттарын марапаттау жоспарланып отыр», - дейді Илья Теренченко.
Айта кетейік, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша өңірлік жобалық кеңсе өз қызметін 2017 жылы 12-маусымда бастаған. Кеңсе құрамына тәжірибелі менеджерлер, мәслихат депутаттары, ҮЕҰ мен БАҚ өкілдері, бизнес қауымдастықтары және бес облыстық басқарманың мамандары кірген.