Павлодарда жыл басынан бері 176 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Ертіс-Баян өңірінде тұрғын үй құрылысының жоспары 107,3 пайызға орындалды. Жыл басынан бері 176 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға берілді.

Бұл туралы Павлодар облысының әкімдігінен хабарлады.
«Жыл басынан облыста 176 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға берілді. Бұл тұрғын үй құрылысының жоспары 107,3 пайызға орындалғанын көрсетеді. Бұған қоса, тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы аясында өңірде 564 пәтерлі тағы 7 несиелік үй салу, сондай-ақ, жалпы сомасы 15,8 млрд теңгеге 1029 жалға берілетін пәтер сатып алу жоспарланған», -деп мәлімдеді әкімдіктен.
2024 жылдың 7 айының қорытындысына сүйенсек, жалпы облыста барлық базалық макро көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалады. Өңдеу өнеркәсібінің өсімі - 8,5%, 1,1 трлн теңгеге өнім өндірілді. Тек жеңіл өнеркәсіп саласы (94,8%) және металл емес минералды өнімдер өндірісі (92,9%) сәл төмендеген.
Еске сала кетейік, Павлодар облысында 815 отбасы құнды қағаздар есебінен баспанамен қамтылады.