Павлодарда жол ақысы 200 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін
Павлодарда автобус және трамваймен жүру бағасы 200 теңге болуы мүмкін. Әкімдік бұйрығының жобасы Ашық НҚА порталында жарияланды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Қазір қаладағы жол ақысы карта немесе қосымша арқылы 80 теңге болса, қолма-қол төлем бағасы — 130 теңге.
Оқушылар тегін қатынайды, зейнеткерлер жартысын төлейді.
Бір жыл бұрын ғана тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жолақының өзіндік құны қазіргі тарифтен бірнеше есе көп екенін, бағытына қарай бір сапар бағасы 192 теңгеден 700 теңгеге дейін баратынын мәлімдеген болатын.
Тасымалдаушылар тарифті көтеруді талап етті.
Бірақ қала басшылығы жол ақысын қымбаттатпай, оның орнына шығыны көп маршруттарды субсидиялауды ұсынды.
Ал тасымалдаушылар автобустарды жалға берудің орнына көлік жүргізушілерін штатқа қабылдап, автопаркті жаңартуға тиіс еді.
Соған қарамастан Павлодарда жолақы қымбаттайын деп тұр. Жобада бұл шешімге отын, электр мен көліктің қосалқы бөлшектері бағасының қымбаттығы себеп болғаны айтылған.
«Отын, қосалқы бөлшектер мен электр энергиясының қымбаттауына байланысты „Павлодар облыстық көлік одағы“ қауымдастығы мен тасымалдаушылардың жол ақысын көтеру туралы өтінішін негізге алдық» делінген бұйрық жобасында.
Осы құжатқа сәйкес, бір реттік сапар бағасы карта немесе қосымшамен төлегенде — 100 теңге, қолма-қол — 200 теңге.
Әзірге нақты шешім қабылданған жоқ, жоба талқыланып жатыр.