Павлодарда жол апатынан 5 бала зардап шекті
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Балалардың жас шамасы — 3-8 жас аралығында. Олардың барлығы түрлі жарақатпен облыстық балалар ауруханасына жатқызылған.

— Павлодар-Семей тас жолында, Байдала ауылының маңында екі көлік соқтығысқан. Оқиға орнына жедел түрде екі 103 бригадасы және Апаттар медицинасы орталығының бір бригадасы жіберілді. Жол апатынан зардап шеккендер — 2014 және 2017 жылы туған ер балалар, 2021, 2022 және 2024 жылы туған қыздар. Олардың барлығы 31 жастағы анасымен бірге облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Тағы екі ересек – 1989 және 1993 жылы туған ер азаматтар Павлодар қалалық ауруханасына жатқызылды, — деп хабарлады өңірлік жедел жәрдем стансасының баспасөз қызметінен.
Балаларды кезекші дәрігер қарап, тиісті ем қабылдауға жіберген. Көбінің денесі алған соққыдан көгерген. Ал бір қыз бала бас ми жарақатын алып, миы шайқалған.
Еске сала кетейік, Павлодар облысында жол апатынан 4 адам қаза тапты.