Павлодарда жол апатынан жүргізуші қаза тауып, төрт жолаушы жарақат алды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Полиция жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғады. Алдын ала мәлімет бойынша, жеңіл көлік жол жиегіне шығып кетіп, аударылған.
«Шарбақты-Сосновая» автожолында қайғылы жол апаты тіркелді.

— 5 қазан күні «Шарбақты — Сосновая» автожолының бойында, Орловка ауылынан шамамен 3 шақырым қашықтықта Toyota Mark II маркалы автокөліктің жүргізушісі рөлді басқара алмай, жол жиегіне түсіп кеткен. Автокөлік аударылған. Оқиға салдарынан жүргізуші қаза тауып, төрт жолаушы жарақат алды, — деп хабарлады өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталатын болады.
Полиция департаменті жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін жол қозғалысына қатысушыларға жылдамдық режимін қатаң сақтауды, көлік құралдарының техникалық жай-күйін бақылауды еске салады.

Еске сала кетейік, Павлодарда Камаз аударылып, жүргізуші қаза тапты.
Ал оның алдында Павлодар — Қызылорда тас жолында жүк көлігі мен жеңіл көлік соқтығысып, апат салдарынан оқиға орнында 4 жолаушы мен жүргізушінің мерт болғанын жазғанбыз.