Павлодарда жол-көлік апаттарының саны 57 %-ға артқан

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Тәртіп сақшылары жол-көлік апаттарының туындауына көп жағдайда жүргізушілердің ұзақ сапардан шаршауы себеп болатынын айтады.

Дорожный знак ДТП Жол белгісі ЖКО жол апаты
Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

Павлодар облысы полиция департаментінің дерегіне сүйенсек, облыстағы жол-көлік апаттарының саны 57 %-ға өскен.

Ал апат салдарынан қаза тапқандардың саны екі есеге жуық артып, зардап шеккендер 62 %-ға көбейген. Жол-көлік оқиғаларының жиілеуіне көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілердің жолдағы жеке тәртіпсіздігі ықпал еткен.

Сондай-ақ қарсы бағытқа шығып кету, жылдамдықты шектен тыс асыру, жаяу жүргіншілерге жол бермеу факторлары көп кездесіп отыр. 

- Талдау көрсеткендей, жол апаттарына себеп болатын жайттың бірі – автокөлікті жүргізу кезінде жүргізушілердің қалғып кетуі немесе ұзақ сапардан шаршауы. Жыл басынан бері облыс жолдарында 11 оқиға тіркелді. Салдарынан 5 адам қаза тауып, 19 адам жарақат алды. Патрульдік полиция ротасы облыстық жедел медициналық жәрдем орталығының қызметкерлерімен бірлесіп бірлескен іс - шаралар өткізеді. Оның аясында біз көліктерді, атап айтқанда, күндізгі және түнгі уақытта трассаларға шығатын транзиттік ауыр жүктерді тоқтатамыз. Мамандар жүргізушілердің денсаулық жағдайын, қан қысымын, шаршау деңгейін, сондай-ақ алғашқы медициналық көмек жинағында медициналық препараттардың болуын тексереді. Қажет болса, оларға тынығатын орынға жетіп, демалуды ұсынамыз, - деп хабарлады өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Еске сала кетейік, Павлодарда жол қауіпсіздігін бақылайтын жаңа мобильді жүйелер пайда болды.

Соңғы жаңалықтар