Павлодарда жол-көлік оқиғалары 67%-ға көбейген

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Әрбір бесінші жол-көлік апаты балалардың қатысуымен болады. Мәселен 357 оқиға барысында 94 жеткіншек жапа шекті.

полиция
Фото: Павлодар облысы Өңірлік коммуникациялар орталығы

Күн жылынғалы павлодарлық полицейлер мотоцикл мінгендерді қадағалауды күшейтті. Бұған дейін Ертіс-Баян өңірінде бес айда жол апатынан 3 бала көз жұмғаны туралы жазған едік 

«Жыл басынан Павлодар облысының аумағында 357 жол-көлік апаты тіркеліп, оның салдарынан 458 адам әртүрлі дәрежеде жарақат алған. Апаттар салдарынан 23 адам қаза тапты. Бұған қоса зардап шегушілердің әрбір бесіншісі – балалар», деп мәлімдеді Павлодар облысы бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Жәнібек Кенжебаев. 

Павлодар облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Қуаныш Мұстафиновтың дерегінше, жол-көлік апаттарының саны өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 67%-ға өскен. Бір қызығы, апатқа жиі жол беретіндердің дені - 30 бен 39 жас аралығындағы жүргізушілер. Екінші орында 21-29 жас аралығындағы жастар. 

Полицейлер Павлодар облысы аумағында бейнебақылау камераларының аздығынан көлік апаттары жиі болады деген пікірде. Автожолдардағы бейнебақылау құралдарының саны келесі жылы айтарлықтай көбейеді деген жоспар бар.

Еске сала кетейік, Павлодарда скутерге мінген екі жасөспірім Камазға соғылып көз жұмды. 

Соңғы жаңалықтар