Павлодарда жүкті әйелдерге арналған пансионат ашылады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Ол жылына 50 әйелге қабылдай алады және әуелгі кезекте шалғай ауылдардан келіп босанатын әйелдерге бағытталған.
Облыстық перинаталдық орталық ішінен ашылғалы отырған пансионатта мерзімінен бұрын туған нәрестелері бар аналар да оңалтудан өтуі мүмкін. Қазір аталған емдеу ұйымында генетика кабинеттері, босануға дайындық мектебі, ұрықты қорғау орталығы, сондай-ақ катамнез кабинеті жұмыс істейді.
– Пансионатта қала ішінде тоқтайтын жері жоқ, бірақ дәрігерлік көмекке мұқтаж әйелдерге көмек көрсетіледі. Біз оған жеке ғимарат бөлдік, қазір күрделі жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Пансионатта плацентаның төмен орналасуы, жатырда көптеген тыртықтары бар және басқа да асқынулары бар әйелдер тұрады деп жоспарлануда, - дейді облыстық перинаталдық орталықтың басшысы Гүлнар Буратаева.
«Салауатты ана» пансионатын желтоқсан айында іске қосу жоспарланып отыр.
Айтып өтейік, биыл алғашқы 10 айда облыста 6976 нәресте дүние есігін ашқан.
Бұған дейін шала туған сәбилер қалай құтқарылатыны туралы жазғанбыз.