Павлодарда жүргізуші куәлігін алу үшін практикалық емтихан қабылдау қайта басталды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Мамандандырылған ХҚКО-да пайда болған техникалық ақаулар толықтай жойылған.

Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Павлодар облысы бойынша филиалынан хабарладыү
— «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Павлодар облысы бойынша филиалы Космонавтар көшесі, 2 мекенжайында орналасқан мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында (мамандандырылған ХҚКО) жүргізуші куәлігін алу үшін практикалық емтихан қабылдау қайта басталғанын хабарлайды. Бұған дейін жұмыс уақытша тоқтатылуына себеп болған техникалық ақаулар толықтай жойылды. Қазіргі уақытта мамандандырылған ХҚКО қалыпты режимде жұмыс істеп, емтихан қабылдау әдеттегі тәртіппен жүргізіліп жатыр. Тұрғындардың уақытша қолайсыздықтарға түсіністік танытып, сабырлықпен күткені үшін алғыс айтамыз, - деп мәлімдеді мекемеден.
Бұған дейін Павлодарда жүргізуші куәлігін алуға арналған практикалық емтихан уақытша тоқтап тұрғаны туралы хабарлағанбыз.