Павлодарда жүргізуші жол ережесін 30 рет бұзып, 2 млн теңге айыппұл арқалады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар полицейлері қысқа мерзім ішінде жол ережесін 30 мәрте бұзған Мерседес маркалы автокөліктің жүргізушісін қолға түсірді. Көліктің өзі Ресейде тіркелгені анықталды.
Жыл басынан бері жергілікті полицейлер айыппұлдарды уақтылы төлемегені үшін 42 автокөлікті ұстап, айыптұрақтарға қойған.
- Мысал үшін Мерседес маркалы жеңіл көлік тізгіндеген жүргізуші қысқа мерзім ішінде жол ережесін шамамен 30 рет бұзған. Айыппұлдың жалпы сомасы 2 млн теңгеден асты. Кейбір жағдайларда ол жылдамдықты шамадан тыс асырған. Өткен қазан айында жүргізуші Омбы тас жолындағы жылдамдық режимін бұзып, елді мекенде сағатына 93 километр жылдамдықпен жүрген, ал ол жерде 60 километр жылдамдықпен жүру ғана рұқсат етілген. Машинаның өзі Ресейде тіркелген. Көлік құралы мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды. Азамат барлық айыппұлдарды толығымен төлеуге міндетті,- дейді Павлодар облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Борис Әлімбаев.
Еске сала кетейік, Павлодар полицейлері өңірдегі автожолдардан 3 мыңға жуық ақауды анықтады.