Павлодарда жүргізушіден пара сұрап, босатып жіберген полицей сотталды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Автожолдағы тұтас сызықты кесіп өткен жүргізушіден пара талап еткен бұрынғы полиция қызметкеріне қомақты айыппұл салынды.

Павлодарда жүргізушіден пара сұрап, босатып жіберген полицей сотталды
Фото: Видеодан алынған скрин

Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімінде көрсетілгендей, 2026 жылғы мамырда Павлодар — Омбы тасжолында полиция қызметкері жол қозғалысы ережесін бұзған жүргізушіні тоқтатқан. Ол қарсы қозғалыс жолағына шығып, жолдағы тұтас сызықты кесіп өткен.

Тексеру барысында жүргізуші туысына қоңырау шалып, көмек сұраған. Оның туысы полиция инспекторымен таныс болып шыққан. Ол инспектордан жүргізушіні жауапкершіліктен босатуды өтінген. Полицей бұған келіскенімен, 30 мың теңге көлемінде пара талап еткен.

Жүргізушіде сол сәтте ақша болмағандықтан, ол соманы кейін аударуға уәде береді. Нәтижесінде инспектор әкімшілік хаттама толтырмай, босатып жіберген. Алайда арада бірнеше күн өткеніне қарамастан, жүргізуші ақшаны аудармаған әрі қоңырауларға жауап бермей қойған.

Болмаған соң полицей жүргізуші үшін араша түскен танысына хабарласады. Оған 15 мың теңге берсе жеткілікті екенін айтқан.

— Инспектормен қарым-қатынасын бұзғысы келмеген танысы өз қаражатынан 15 мың теңге көлемінде пара беруді ұйғарған. Қылмыстық ниетін жүзеге асыру мақсатында ол өзге азаматқа телефон соғып, 15 мың теңге қарыз сұраған, — делінген Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімінде.

Ақырында инспектор пара алған. Алайда оқиғаның мән-жайы құқық қорғау органдарына белгілі болып, қылмыстық іс қозғалған.
Сот алдында бұрынғы полиция қызметкері мен жүргізушіні жауапкершіліктен босатуды сұраған оның танысы жауап берді.

Сот екеуін де сыбайлас жемқорлыққа жол бергендері үшін кінәлі деп таныды. Бұрынғы полицейге пара алғаны үшін 750 мың теңге айыппұл салынды. Ал екінші айыпталушы пара бергені үшін кінәлі деп танылып, 225 мың теңге айыппұл төлеуге міндеттелді.
Жүргізуші іс бойынша куәгер ретінде өткен.

Еске сала кетейік, Павлодарда арзан ипотека рәсімдеймін деп жұртты 80 млн теңгеге алдаған жігіт сотталды.