Павлодарда жыл соңына дейін 4 балабақша қолданысқа беріледі
Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиын барысында ішкі саясат басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов айтты.
«Тәуелсіздік күніне орай Павлодарда мемлекеттік қызметшілердің ант қабылдау рәсімі өтеді және еріктілер үйі қолданысқа беріледі. Бұдан басқа, Баянауыл ауданы Майқайың кентінде 110 орынға арналған балабақша, Екібастұзда күрделі жөндеуден кейін 320 орындық екі балабақша, Качир ауданында мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында бір балабақша тапсырылады», - деді ведомство басшысы.
Сонымен қатар, Екібастұз қаласында Энергетиктер көшесінде тоғыз қабатты тұрғын үй, Ақсуда Молодежная көшесі бойында бес қабатты тұрғын үй, Ертіс ауданында 24 пәтерлік және Май ауданы Көктөбе ауылында 16 және 12 пәтерлік тұрғын үйдің кілттері табысталады. Ақсу қаласында жылыжай мен Қызылжар ауылдық аймағында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін ашу жоспарланып отыр.
Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Ардақ Райымбековтың айтуынша, Тәуелсіздік күніне арналған концерт Қазақстанның эстрада жұлдызы Әлішер Кәрімов және Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдерінің «Бірлігіміз жарасқан» әнін орындаумен басталады. Бұдан басқа, «Астана» операсының әншісі Игорь Благодарный және белгілі әнші Оралхан Алтынбеков, «Гаухартас» тобы шақырылған.