Павлодарда жылқы бағып, табыс тапқан шаруашылықтар саны артты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар өңірінде төрт түліктің төресі жылқыны бағып, оның еті мен сүтін өңдеп, табыс тауып отырған шаруашылықтар қатары көбейді, деп хабарлады www.24.kz.
None
None

Мәселен, Май ауданындағы «Ақжар-Өндіріс» ЖШС бұқтырылған жылқы етін Ресейге экспорттайды. Еш қоспасыз отандық өнімге ішкі нарықта да сұраныс жоғары. «Ақжар-Өндіріс» серіктестігінің жылқы етін консервілейтін цехында бұқтырылған ет қалайы қалбырларға салынады. Он адам жұмыс істейтін цехта тәулігіне 2 тонна консерві жасалады. Таза бұқтырылған ет пен арпа, қарақұмық, күріш қосылған ботқалар қазір Ресейге экспортталуда. Тауардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін кәсіпорын жуырда қалбырдың қақпағын еуропалық стандартқа сай жабу ісіне кірісті.

«Тәулігіне 20 мың қалбыр бұқтырылған ет шығаратын қауқарымыз бар. Сыйымдылығы 325 грамдық қалайы қалбырларды өзіміз жасаймыз. Сондай-ақ өнімді Теміртау қаласындағы «Магнитка» серіктестігі шығаратын ыдыстарға да саламыз», - дейді «Ақжар-Өндіріс» ЖШС-нің қаржылық директоры Гүлзира Қазылова.

«Ақжар-Өндіріс» серіктестігінің өнімдері еліміздің барлық аймақтарында сатылып жатыр. Жылқы етінен әзірленген дәмі тіл үйіретін тағамды мемлекеттік мекемелер, ұлттық компаниялармен бірге қала тұрғындары да тұтынады. Қ

Сатушы Қаламқас Жақыпованың айтуынша, бұқтырылған ет, қымызға деген сұраныс өте жоғары. Арнайы келіп алатын кісілер бар Астанадан, тағы басқа қалалардан. Балықшылар, аңға шыққан адамдар арнайы келіп серіктестіктің тауарын алады.

Табысын төрт түліктен тауып отырған шаруашылық қысы-жазы тебінде жүретін қазақтың жабы тұқымдас жылқысын асырайды. Жануар бордақылауға да, сауынға да жақсы. Малдың еті мен сүтін, жүні мен терісіне дейін ұқсатып отырған «Ақжар-Өндіріс» серіктестігі былтырдан бастап түбітті ешкі өсіре бастаған.

- «Басымды бағыт осы мал шаруашылығы, оның ішінде асылтұқымды, жабы тұқымды жылқы өсіреміз. Одан кейін қазақтың құйрықты қойын өсіреміз. Ол да асылтұқымды», - дейді «Ақжар-Өндіріс» ЖШС-нің атқарушы директоры Серік Бақауов.:

Осылайша қала жұртшылығы ауылдан жеткен дәмді алуға асығады. Әлбетте сапасы жоғары, экологиялық таза өнімге сұраныс мол. Ал «Отандық өнімді сатып ал!» акциясы жергілікті тауар өндірушілердің пайдасына жарап тұр. Қолда барды ұқсата білген «Ақжар-Өндіріс» мұны айқын сезінуде.

Соңғы жаңалықтар