Павлодардағы алюминий зауытында өрт шықты
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодардағы алюминий зауытының аумағында орналасқан №1 жылу-энергия орталығында өрт шықты. Компания өкілдері оқиға ЖЭО-ның жұмысына әсер етпейді деп отыр.
Бүгін түстен кейін алюминий зауытынан бұрқырап шыққан қою қара түтін павлодарлық тұрғындарды алаңдатып қойды. Зауыт аумағында қаланың біраз бөлігін жылумен қамтып тұрған жылу-энергия орталығы бар. Жалын сол аумақта байқалған соң, қыстың көзі қырауда ЖЭО-ға зиян келмес пе екен деген сауал туындады.
«Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ-ның PR-қызметі өрт оқиғасы «Альянс ПВ Строй» мердігер компаниясы электр стансасында бұзып жатқан градирняда болған деген хабар таратты
— «Қазақстан алюминийі» АҚ филиалы — «Электр станциясы» аумағында «Альянс ПВ Строй» мердігер ұйымы салқындатқыш мұнараны бөлшектеу жұмыстарын жауаптанған. Бөлшектеу жұмыстары аяқталғаннан кейін, түске таман бұл аумақтан түтін шыққаны анықталды. Бұл туралы құзырлы цехтың инженер-технологы дереу хабарлады. Ақпарат станса ауысымының бастығына жеткізіліп, ол дереу мемлекеттік емес өртке қарсы және төтенше жағдайлар қызметіне қоңырау шалған. Жалынды қолданатын жұмыстар жүргізуге берілген рұқсат пен наряд тәркіленді. Зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта өрт сөндіру бөлімшесі оқиға орнында жұмыс істеп жатыр, — деп мәлімдеді «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ-ның PR-қызметінен.
Компания өкілдері өрт № 1 ЖЭО-ның жұмысына әсер етпейді деп сендіріп отыр.
Еске сала кетейік, Павлодар облысында үлкен дүкен өртеніп кетті.