Павлодардағы екі мәрте қазына табылған үйдің тарихы

ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Ағайынды Сорокиндердің үйі 1890 жылы салынған. Алайда төңкеріс басталғанда үй иелері Павлодардан кетіп қалады. Сол уақыттан бері көне ғимараттан екі мәрте қазына табылғаны туралы аңыздар айтылып жүр. 

Павлодардағы екі мәрте қазына табылған үйдің тарихы
Фото: Артем Викторов / Kazinform

Ағайынды Владимир мен Семен Сорокиндер Павлодарда көпестердің гүлденген кезеңінде өмір сүрген. Отбасы аса дәулетті болған, байлығы жағынан тек белгілі көпес әрі қала басшысы Артемий Деровқа ғана жол берген.

Қазіргі Астана көшесінде орналасқан бұл үй екі қожайынға арнап салынған. Бастапқыда үйдің екі есігі болыпты: бірі орталық жақтан, екіншісі ауладан кіретін.

Павлодардағы екі мәрте қазына табылған үйдің тарихы
Фото: Артем Викторов / Kazinform

Төңкеріс басталғанда Сорокиндер отбасы Омбыға көшіп кетеді де, аумағы 500 шаршы метрден асатын үй биліктің иелігіне өтеді. Кейінірек бұл үйден қазына табылғаны туралы аңыздар бар әрі олар шындыққа жанасуы әбден мүмкін.

Павлодардағы екі мәрте қазына табылған үйдің тарихы
Фото: Артем Викторов / Kazinform

– Төңкеріс кезінде қожайындары жоғалып кеткен соң, бұл ғимаратта алғашқыда халық соты, коммуна шеберханалары, ал 1920-жылдары Крупская атындағы балалар үйі орналасты. Көпес Сорокиндердің кезінде мұнда қазына жасырғанына сенімді болған жергілікті жастар үйдің қабырғаларын соққылап жүріп, күтпеген жерден алтын тиындар буылған жасырын орынды тауып алады. Ал жергілікті билік бұл қазынаны әлемдік төңкерістің жеңісіне жұмсаймыз деп тәркілеп әкетеді, - деп әңгімеледі павлодарлық өлкетанушы Людмила Баюшева.

Павлодардағы екі мәрте қазына табылған үйдің тарихы
Фото: Артем Викторов / Kazinform

Екінші қазына 1944 жылы табылған. Ол кезде ғимаратта екі мекеме орналасты: өлкетану музейі және балалар музыка мектебі. Музыканттар өзге орынға көшіп, тұтас ғимарат музей қызметкерлеріне қалады. Олар жөндеу жұмыстарын жүргізе бастайды. Пештердің бірін бұзу кезінде жұмысшылар іші алтын тиындарға толы құмыра тауып алады. Бірақ бұл туралы ешкімге тіс жармайды.

Павлодардағы екі мәрте қазына табылған үйдің тарихы
Фото: Артем Викторов / Kazinform

– Аяқ астынан табылған қазына туралы қауесет көп уақыт өтпей басшылықтың құлағына жетеді. Алайда бұл кезде бәрі кеш еді, пеш қалаушылар алтын толы құмырамен іс-түзсіз жоғалып кеткені анықталады. Жалпы өткен ғасырдың алғашқы жартысында жергілікті қазына іздеушілердің бірі Павлодар қазыналарының картасын жасаған деген сөз бар. Оның қайда жасырылғанын ешкім білмейді. Бәлкім, уақыт өте келе бұл құпия да ашылар, - деп қосты Людмила Баюшева.

Павлодардағы екі мәрте қазына табылған үйдің тарихы
Фото: Артем Викторов / Kazinform

Қазір Сорокиндер үйінде Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорлары орналасқан. Бұған қоса, оның жанында «Флигель» деген атаумен танымал тағы бір тарихи үй бар. Оны да Сорокиндер отбасы ағайындылардың бірінің ұлы үшін салған. Екі ғимарат та жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштерінің санатында.

Павлодардағы екі мәрте қазына табылған үйдің тарихы
Фото: Артем Викторов / Kazinform

Бұған дейін Павлодарда әйгілі фотосуретшінің музей-үйінің қазіргі жағдайы туралы жаздық.

Сондай-ақ Керекудегі Бұқар жырау музейінде шешімін таппаған қандай мәселелер бар екенін зерделеп көрген едік.  

Соңғы жаңалықтар