Павлодардағы қазақ театрында отбасы құндылығын сипаттайтын ерекше қойылым сахналанды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрының ұжымы отандық қазақ театрларының сахналарында бұрын-соңды қойылмаған жанр — балалар мен ересектерге арналған спектакль-шоудың премьерасын ұсынды. Мамандар мұндай қойылымдар бүгінгі қоғамға ауадай қажет екенін айтады.

театр
Фото: Есенжол Исабек

«Джудит жасаған қиын таңдау» — бұл отбасының барлық мүшелеріне ерекше көңіл күй сыйлайтын, көрерменді ұмытылмастай әсерге бөлейтін, ғажайыптар мен ертегі әлеміне апаратын спектакль-шоу. Жүсіпбек Аймауытов театры үшін бұл қойылымның бір уақытта ересектер мен кішкентай бүлдіршіндерге арналғаны алғашқы тәжірибе болып отыр.

театр, қойылым
Фото: Есенжол Исабек

Спектакльдің көрнекі және динамикалық құрылымы арқылы қойылым авторлары көрерменге әке мен бала арасындағы мәңгі таусылмайтын мәселесін, балалар мен ата-аналардың жалғыздық кешуі және кейде өмірдегі ең жақын адамдардың арасында пайда болатын байланыс көпірінің құлдырауы сияқты мәні-маңызы жоғары құбылыстар жайлы сыр шертеді. Балаға ересек адамның көзімен, ал ата-анасына айналаға баланың көзімен қарауға мүмкіндік береді.

көрермен, қошемет
Фото: Есенжол Исабек

Театрдың көркемдік жетекшісі Әділет Ақановтың айтуынша, ұжым бұл спектакльге 6 ай дайындалған.

— Мұнда пластикалық жағынан әрекет көп, трюктер көп жасалды. Дайындық кезінде бір актеріміз аяғын ауыртып алып, қойылым барысында қиындау тиді. Шоу-спектакль болғандықтан, жарқын әрі бояулы сәттері көп болуы керек. Оның үстіне көріп отырған адам одан драманы да, комедияны да бір сәтте қабылдай алатындай дәрежеге жеткіздік. Бұл шығарма Ұлыбритания жерінде жазылғанымен, ол жер бетіндегі барлық отбасылар үшін ортақ құндылықты көтереді. Біздің халқымыздың ұлттық құндылықтарына, ұғымына ешқандай қарама-қайшылық жоқ, керісінше бүгінгі жас ата-аналар, балалар бұл спектакльден көп дүниені түйіп қайтқаны анық, — дейді ол.

театр, сахна
Фото: Есенжол Исабек

Бұл — ресейлік режиссер Сергей Левицкийдің Аймауытов театрында қойып отырған екінші қойылымы. Бұған дейін ол Шекспирдің «Ричард ІІІ» трагифарсын сахналап, екпін-динамикасы адамды соңына дейін жібермейтін ерекше қойылым болды. 

Айта кетейік, «Ричард ІІІ» «Ертіс-Баян» І республикалық театр фестивалінде Павлодар облысы әкімінің арнайы жүлдесін иеленді.

Соңғы жаңалықтар