Павлодардағы көне сауда үйінің орнында қазір не тұр

Павлодардағы көне сауда үйінің орнында қазір не тұр
Фото: Д.Багаевтың мұрағаттық суреті

Павлодардың ескі бөлігінде шағын мұнаралары, соғылған торлары мен қалқандары бар әдемі ғимарат тұр.  Ол 120 жылдан астам уақыт бұрын салынған.  Мұнда әртүрлі уақытта сауда орталықтары, құймақхана, тіпті аурухана да болған. Бүгінде бұл – облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Ғимараттың тарихы өте қызық. Қалалық аңыздардың көбі осы жермен байланысты. Оның ішінде елестер және құпия туннельдер туралы аңыздар да бар. Мұның қайсысы рас екенін Павлодар облыстық тарихи-өлкетану мұражайы өлкетану бөлімінің меңгерушісі Гүлжанат Әлиева баяндап берді.

Павлодар
Фото: Д.Багаевтың мұрағаттық суреті

Ашығын айтқанда, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы – бір-бірімен байланысқан екі ғимарат. Оң жақта атақты көпес Артемий Деровтың сауда қатарлары, сол жақта көпес Филатовтың бұрыштық мұнаралары бар үй тұр. Бір кездері мұнда бірінші қалалық телеграф орналасқан. Мұражайдың екі ғимараттан тұратынын көзбен аңғару қиын.

«Қазір біздің жұмыс кабинеттеріміз бен мұражай әкімшілігі орналасқан жерде бір кездері пошта-телеграф кеңсесі болған. Қаладағы алғашқы телефон осында орнатылған, сондықтан көше Телеграфная деп аталды. Мұражай ғимараты республикалық маңызы бар сәулет-тарихи ескерткіш болып саналады. Мұнда әр уақытта шаштараз, пошта-телеграф кеңсесі, асхана, құймақхана, сүт өнеркәсібі техникумы, ал соғыс жылдарында эвакуациялық госпиталь орналасқан», - дейді Г.Әлиева.

Артемий Деровтың сауда үйі – 1901 жылғы алапат өрттен кейін сақталып қалған бірнеше ғимараттың бірі. Ол кезде 400-ден астам үй, ағаш мешіт пен шіркеу өртеніп кетті. Көпес Деровтың тас үйі аман қалды.

Жалын сауда алаңдарына жақындай бастағанда, көпес жертөледен арақ бөшкелерін домалатып шығарып, адамдардан көмек сұрап, орнына ішімдік ұсынды. Көмекке келгендер көпес жұмысшыларына ғимараттың шатырына киіз жабуға және оған өртке су себетін сорғыдан су құюға көмектесуі керек болды. Көне Павлодар туралы жазбалар авторына бұл туралы қаланың байырғы тұрғындары баяндап берді. Артемий Деров жай ғана көпес емес, бір кездері қала басшысы да болған. 

Павлодар
Фото: Д.Багаевтың мұрағаттық суреті

Оның дүкендерінде галантерея, тоқыма бұйымдары, аяқ киім, зергерлік бұйымдар, киім-кешек және басқа да тауарлар сатылды. Болашақ мұражайды сәулетші Батов Сібір модерні стилінде салған. Ғимарат шынымен де әдемі болып шықты. Терезелері, есіктері, қабырғалары безендірілген. Және мәселе тек эстетикаға қатысты емес: бұл сатып алушыларды тартудың бір жолы еді.

Дәл 120 жыл бұрынғыдай, ғимаратта шағын бақылау мұнарасы бар. Көпес Артемий Деров Ертісте жүк тиеген баржалардың түсірілуін осы жерден бақылаған деп саналады. 50-ші жылдары қираған мұнара бірнеше ондаған жылдардан кейін мұрағаттық фотосуреттер мен сызбалар арқылы қалпына келтірілді.

«Мұражайда 2011 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін шолу мұнарасы да қалпына келтірілді. Ол тозығы жеткендіктен бұзылып, кейін мұрағатта сақталған XIX ғасырдағы сызбалар бойынша қалпына келтірілді», - деп атап өтті мұражай қызметкері Г.Әлиева.

Қалаға қатысты аңыздардың бірінде жүктерді дүкен қоймаларына тез жеткізу үшін көпестің үйінен Ертіс жағасына дейін жерасты туннель қазылғаны айтылады. Мұражай қызметкерлері бұл деректі растамайды. Туннель шынымен бар болса, ол көрші ғимараттарды салу және коммуникацияларды тарту кезінде табылған болар еді. 

Павлодар
Фото: Наталья Зинченко/ Kazinform

Тағы бір аңызда көпестің үйінде әлі күнге дейін оның иесінің елесі бар екені айтылады. Күзетшілердің айтуынша, түнде мұражай ғимаратында түсініксіз сықырлаған дыбыстар естіліп, жөндеу жұмыстары кезінде құрылыс сатылары өздігінен құлаған. Бұл ретте мұражай қызметкерлері ғимараттың ескі екенін, сондықтан сықырлағаны орынды екенін атап өтуде.

«Шамамен 10-15 жыл бұрын бейнебақылау таспасынан біз баспалдақтан түсіп бара жатқан екі жарқыраған шарды көрдік. Бұл оптикалық иллюзия болуы мүмкін деп ойладық. Тіпті журналистер де келіп, мұражайдағы елестер туралы сюжет түсірді, видеоны әлі де интернеттен табуға болады. Түнде кезекшілікте болған күзетшілер де әлдебір дыбыстарды, түсініксіз қағысты естігендерін айтады. Мүмкін бұл ғимараттың ескі болуынан да шығар, білмеймін. Кітапханаға апаратын ағаш баспалдақ жөнделіп жатқанда құрылыс сатылары құлады. Мұражайда күзетшілерден басқа ешкім болған жоқ. Олар үйдің бұрынғы иесі мұнда біреудің басқарып отырғанын ұнатпай, сатыны елес итеріп кеткен дейді», - деп еске алды Гүлжанат Әлиева мұражай ғимаратына қатысты жұмбақ оқиғаларды.

Ол алғаш салынған кезде қаладағы ең ұзын және ең көрнекті ғимараттардың бірі болды. Алайда мұндай аумақты жылыту қиынға соқты. Сондықтан, үйді орталықтандырылған пешпен жылыту қамтамасыз етілді, пеш мұржалары қабырғаларға тығылып, барлық түтін шатырдағы бір үлкен мұржадан шықты. 

Павлодар
Фото: Наталья Зинченко/ Kazinform

Қазір мұражай қорында 70 мыңнан астам экспонат бар. Мұражай залдарында бірегей палеонтологиялық олжалар мен көне заттар – үш жүз жылдық венециандық айна, таза күмістен жасалған көне бас киім, Чикагодан алынған көне граммофонды көруге болады. Бірақ тарихты сақтайтын да, соған куә болған ғимараттың өзін басты экспонат деп санауға болады.

Мұражайға кіру ақысы – 300 теңге, мектеп оқушылары үшін төлем екі есе арзан, ал зейнеткерлер үшін кіру тегін. Мұнда ағылшын, неміс және француз тілдерінде аудиогид бар. 

Павлодар
Фото: Наталья Зинченко/ Kazinform

Павлодар мұражайында жылына бір рет ұзын-сонар кезек түзіледі. Көктемде мұнда жыл сайынғы «Музейдегі түн» шарасы өтеді. Мысалы, өткен жылы ежелгі ғимараттың жертөлесі «Хогвартс» сиқыршылық мектебіне, ал одан бірнеше жыл бұрын НКВД абақтысына айналды.

Павлодар
Фото: Наталья Зинченко/ Kazinform

Мұражай залдарында қонақтарды әртүрлі дәуірлердің тірі экспонаттары қарсы алды: үңгір адамдары мен рыцарьлардан бастап, көпес Деров пен оның әйеліне дейін. Мұнда тақырыптық көрмелер де жиі өткізіліп тұрады. 2024 жылдың қаңтар айының басында мұнда әдеттегі экспозициядан басқа ескі жаңа жылдық ойыншықтар мен құттықтау ашықхаттарын көруге болады.

Соңғы жаңалықтар