Павлодардағы Лермонтов көшесін жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Павлодар қаласының әкіміне Лермонтов көшесін жазғы маусымға жаңғырту жоспары таныстырылды.

Әкім Хасар Хабылбеков Лермонтов көшесінің 2,2 шақырымдық бөлігін жаңарту барысын тексерді. Сондай-ақ қала басшысы жұмысты жеделдетуді тапсырды.
Мердігер аталған учаскедегі жұмысқа былтыр дайындалып, инженерлік желіні төсеу мен жарық жүйесін қосуға кіріскен. Қазір желілердің 80 пайызы дайын, жұмысшылар көше шамы тіректерінің іргетасын әзірлеп жатыр. Бұл жұмысты биыл 1 тамызға дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Сонымен қатар суару жүйесін орнату шаруасы да аяқталуға жақын. Жақында жұмысшылар веложолды асфальттап, көгалдандыруға кіріседі. Мердігер барлық шағын сәулеттік бұйымдарға тапсырыс беріп қойған, оларды орнатуға дайын. Бүгінде жеті балалар және жеті спорт алаңының іргетасы құйылып қойған.
– Тамыз айында барлық құрғақ жұмысты аяқтау үшін, қазір істі жеделдету қажет, – деді Хасар Хабылбеков.
Осы орайда қала әкімі Лермонтов көшесін жаңғырту жұмысы жеке бақылауында болатынын тілге тиек етті.
Айта кету керек, бұл жұмыстар Павлодар облысының әкімі Асайн Байхановтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Өңір басшысы қаланың инженерлік және қоғамдық инфрақұрылымын жаңғыртуға ерекше көңіл бөліп отыр.
Аталған жұмыс «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында атқарылып жатыр. Жалпы биыл Павлодар қаласында абаттандыру және көгалдандыру жұмысы кеңінен қолға алынды. Әкімнің айтуынша, павлодарлық тұрғындар қаланы көркейту шаруасына белсенді атсалысып жатыр. Эко-акция кезінде қаладан 4000 тоннадан астам қоқыс шығарылып, шамамен 400 түп ағаш отырғызылды.
Сонымен қатар көктемде автобус аялдамалары, қоршаулар, жарық шамдары мен бағдаршам бағаналары, орындықтар тазартылып, сырланды. Сол сияқты жол белгілері мен жолақтары жаңартылды. Биыл қала аумағында 20 мың түп ағаш және 35 мың гүлзар отырғызу жоспарланған.