Павлодардағы Орталық жағажай еліміздегі ТОП-3-ке енді

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Ертіс өзенінің бойында орналасқан Орталық жағалау табиғатты сақтау мақсатындағы экологиялық шешімдерді және бастамаларды қолданумен ерекшеленген. Оның үстіне толықтай тегін қызмет көрсетеді.

Павлодар жағажайы
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Қазақстанда жағажай маусымының аяқталуына байланысты «Үздік жағажай» бағдарламасының қорытындысы шығарылды. Оның нәтижесінде Павлодардағы Орталық жағалау үздік үштікке еніп отыр. Жағажай мүмкін болған 170 балл бойынша 145 баллға ие болған.

Байқау «Kazakh Tourism» бастамасымен, ҚР Туризм және спорт министрлігі мен «Атамекен» ҰКП қолдауымен ұйымдастырылған. Оның негізгі мақсаты — еліміздегі су айдындарында қызмет көрсетудің және қауіпсіздік стандарттарын арттыру.

жағажай
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

— Биыл сараптамалық комиссияның назарына өңірлерден 30 астам жағажай ұсынылды. Оның ішінде жекеменшік әрі қалалық жағажайлар болды. Бағалау ҚР СТ 3013-2017 ұлттық стандартына сәйкес жүргізілді және халықаралық Blue Flag бағдарламасының жекелеген критерийлері ескерілді. Іріктеу кезінде акваторияның қауіпсіздігі, санитарлық жағдайы мен инфрақұрылымы, құтқарушылар мен медициналық бекеттердің болуы, суға кірудің ыңғайлылығы, аумақты жоспарлау, судың сапасын тұрақты түрде бақылау және қоқысты бөлек жинау, күн энергиясымен жұмыс істейтін душ кабиналары, экологиялық білім беру іс-шараларын қамтитын экологиялық бастамалар есепке алынды, — деп хабарлады «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясынан.

Сараптамалық комиссияның бағалауы бойынша Garden Burabay (Ақмола облысы, Бурабай курорты) 166 баллмен үздік шыққан. Ал № 5 қалалық жағажай (Алматы облысы, Қонаев қаласы) — 145,5 баллмен екінші орыннан көрінді.

Павлодар
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Үздік жағажайлар таза әрі қауіпсіз акваториясымен, дамыған инфрақұрылымымен (киім ауыстыратын бөлмелер, душ кабиналары, демалыс аймақтары, дәмханалар), балалармен келетін отбасыларға қолайлығымен, табиғатты сақтау мақсатындағы экологиялық шешімдерді және бастамаларды қолданумен ерекшеленді.

— Үздік ТОП-3 қазіргі жағажайдың қандай болуы қажет екендігін көрсетеді: қауіпсіз, ыңғайлы және экологиялық таза, — деп атап өтті «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Даниел Сержанұлы.

Павлодар жағажайы
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Павлодар қаласындағы Орталық жағажай толықтай тегін қызмет көрсетеді. Аумақта балаларға арналған екі бассейн қарастырылған.

Еске сала кетейік, Павлодардың Орталық жағажайында электр самокаттарға тыйым салу көзделіп отыр.

Соңғы жаңалықтар