Павлодардағы субұрқақтардың көбі жөндеу күтіп тұр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Облыс орталығындағы коммуналдық субұрқақтарды күтіп ұстауға биыл бюджеттен 76 млн теңге бөлінген.

субұрқақ
Фото: Мұрат Аяған / Kazinform

Павлодарда биыл жаз ерекше ыстық. Аптап ыстықта қала тұрғындары субұрқақтарды жағалап, сая табуда.

Облыс орталығында коммуналдық 22 субұрқақ орналасқан. Қала әкімдігінің мәліметінше, олардың 50% -дан астамы 15 жыл бұрын салынған.

Субұрқақ тостағандарының негізгі қаптау бөлігіне ағымдағы жөндеу жүргізу қажет (плиткаларды ауыстыру).

Олардың жабдықтары жыл сайын маусым аяқталғаннан кейін қалпына келтіріледі, істен шыққандары жаңасымен ауыстырылады.

фонтан
Фото: Мұрат Аяған / Kazinform

— 22 субұрқақтың үшеуі 5 жылдан аз уақыт бұрын салынған («Мәшһүр Жүсіп» мешіті, «Ю. Гагарин атындағы саябақ», Металлургтер саябағы), 4 субұрқақта жабдықтар мен қаптама плиткаларды ауыстырумен жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі заманғы дизайнмен безендірілген 3 құрғақ субұрқақ жұмыс істейді. Эстетикалық тартымдылығынан бөлек, барлық субұрқақтар шаһар экологиясын жақсартуға да қызмет етеді. Әсіресе құрғақ климат жағдайында ауаны ылғалдандыруға көмектеседі, жаздың ыстық күндері салқындату әсерін қамтамасыз ете алады, — дейді әкімдіктің абаттандыру секторының меңгерушісі Әлібек Оразалин.

Нысандарды күтіп-ұстауға және ағымдағы жөндеуге биыл 76 млн теңге бөлінген.

Қаражат әрбір субұрқақтағы операторлардың жалақысына, субұрқақтарды жинаудың химиялық құралдары мен су беру-ағызу коммуналдық шығындарына, ағымдағы жөндеуге, қаптама плиткаларын, істен шыққан сорғыларды ауыстыруға, өзге шығыс материалдарына жұмсалады.

Әкімдік өкілдері субұрқақ айналасында серуендеп жүрген тұрғындардан тұрмыстық қоқыстарды (пластик пакеттер, қағаз) лақтырмауды сұрайды.

субұрқақ
Фото: Мұрат Аяған / Kazinform

Бақылаусыз қалған балалар субұрқаққа шомылып жататын жағдайлар жиі кездеседі. Негізі субұрқақтардың тостағандарындағы суға түсуге қатаң тыйым салынған. Сондықтан жаз мезгілінде ата-аналар бұған ерекше назар аударғаны маңызды.

Еске сала кетейік, Шымкенттегі музыкалық субұрқақтан Қазақстанның көрікті жерлерін тамашалауға болады

Соңғы жаңалықтар