Павлодардағы тұрақтандыру қорында 11 мың тоннадан астам өнім бар - әкімдік
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Өңірдің тұрақтандыру қорында жалпы сомасы 2,3 млрд теңге, 11 мың тоннадан асатын азық-түлік сақталып тұр. Бүгінде ол жергілікті дүкендерге көптеп шығарыла бастаған.

Павлодар облысында азық-түлік тауарларының 15 түрі бойынша баға республикалық мәннен төмен деңгейде сақталып отыр. Ал тауарлардың 9 түрі бойынша аймақ ТОП-5-тікке кіреді. Өңірде тұз бен макарон өнімдері қымбаттырақ.
- Тұрақтандыру қорында құны 2,3 млрд теңге болатын 12 түрлі азық-түлік сақталып тұр. Жалпы көлемі 11 мың тоннадан асады. Нарықтағы баға жағдайын ескере отырып, өткен жылдың 1 желтоқсанынан бастап көкөністерді дүкендерге жеткізе бастадық. 1 ақпандағы жағдай бойынша 684 тонна картоп, 277 тонна сәбіз, 116 тонна пияз және 102 тонна қырыққабат сатылды. Өнімдерді сату тұрақтандыру қорының 209 серіктес дүкендері арқылы жүзеге асырылады. Бағаның өсуін тежеу үшін тұрақтандыру қорын үнемі толықтырып отыру, «Айналым схемасы» бойынша кәсіпорындарға несиелер беру, өнімдерді «Jailau» фермерлік базары арқылы сату және апта сайын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізу шаралары жүргізіліп жатыр, - дейді облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Людмила Курманова.
Өңірдегі делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі комиссия өндіруші мен соңғы тұтынушы арасындағы тиімсіз делдалдарды анықтау үшін рейдтер жүргізіп, 11 заң бұзушылықты анықтады. Оның ішінде бес жағдай Екібастұзда және жетеуі Ақсуда тіркелген.
Еске сала кетейік, Павлодарда картопты қымбат бағаға сатып келген 8 дүкеннің иесі жазаланды.