Павлодардағы Ұзынсу ауылын топан судан қорғау үшін бұзылған жол қалпына келтірілді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Өңірде су тасқыны басталғалы жалпы саны 38 үйді су басқан. Бюджеттен тыс қаражат есебінен 71 отбасына келтірілген залал өтелді.

Ертіс ауданының Ұзынсу ауылында жағдай қалыпқа түсе бастаған. Бүгін республикалық «Атамекен-Ертіс-Русская поляна» жолының қазылған учаскесі қалпына келтіріліп, көліктерге қозғалыс ашылды. Еске сала кетейік, 3 сәуір күні аталған елді мекенді қарғын судан қорғау үшін республикалық жол бұзылған еді.
«ТЖД басшылығымен бірге су тасқынына қарсы тәулік бойы күрес жүргізіліп жатқан үш ауылға бардым. Ертіс ауданының Ағашорын ауылында еріген қар суының ағысын бұру жұмыстары жүргізілді. Судың деңгейі 35 см-ге төмендеп, бұл су басу қаупін толығымен жоюға мүмкіндік берді. Ұзынсу ауылында да жағдай қалыпқа келтірілді. Бүгін республикалық «Атамекен-Ертіс-Русская поляна» жолының қазылған учаскесі қалпына келтіріліп, көліктерге қозғалыс ашылды. Үш үлкен шұңқыр қазылып жатқан Ақтоғай ауданының Жалаулы ауылында жұмыстар әлі жалғасып жатыр. Облыс жолдарындағы барлық ағыстар жойылды. Өңірлік жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік қорғау басқармасына су тасқынынан зардап шеккендердің барлығына біржолғы мемлекеттік әлеуметтік көмек көрсетудің жеделдігін бақылауды тапсырдым. Осы уақытқа дейін бюджеттен тыс қаражат есебінен 71 отбасына келтірілген залал өтелді», - деп хабарлады Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.
Ал Павлодар облысының прокуратурасы аймақта жалпы саны 38 жеке үйді су басқанын мәлімдеді. Облыстық мәслихат депутаты Асылбек Туғанбай Жалаулыдағы 14 үйдің бесеуі жарамсыз болып қалғанын, олардың орнына жаңадан баспаналар салынатынын жеткізді.
«Қалған тоғыз үйдің тұрғындарына келтірілген шығын көлеміне қарай 3,5-6,5 млн теңге аралығында қаржылай көмек көрсетіледі. Ұзынсу ауылындағы зиян келтірілген бес үйге де көмек қолы созылады», - деп атап өтті ол.
Еске сала кетейік, бұған дейін Павлодардағы Ұзынсу ауылынан 9 адам эвакуацияланды.
Су тасқынына байланысты Павлодардың бір ауылында төтенше жағдай жарияланды.