Павлодардағы жылы аялдамалар аязды күндері аңырап тұр
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар қаласында жабық типтегі 12 жылы аялдама бар. Алайда сақылдаған сары аязда қоғамдық көлік күткен тұрғындар мұндай аялдаманың ішінен дала жылы дейді.
Облыс орталығында жабдықталған жылы аялдамалар қыстың аязында қауқарсыз болып шықты. Жабық типте, ішіне электр жылытқыш қойылып жасалған павильондар Арқаның аязында аңырап тұр. Тұрғындар автобус күтіп тұрғанда жылы аялдамаға кіріп жылынғанның орнында, өкшелерін бір-біріне соғып, далада жаурап тұруға мәжбүр. Себебі кейбір аялдамалар ішінде жылудың нышаны жоқ, іші лас. Ал енді бір аялдамалардың есіктері тарс жабық. Жұртшылық суық күндері қоғамдық көлікті ұзақ күтіп қалғанда далада тоңып тұрады.
Көпшілік қала басшылығынан бұл мәселені жедел шешуді сұрап отыр. Себебі аязды күндері адамдарды жел мен ызғардан қорғайтын пана осы ғана. Олардың өзі қала бойынша санаулы ғана.
— Қазір қала бойынша осындай 12 аялдама бар. Оның төртеуі кәсіпкерлердің жеке қаражаты есебінен салынды. Қазір барлық павильондар жұмыс істеп тұр. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары күн сайын тұрақты негізде жылы аялдамаларға мониторинг жүргізеді. Олар бұл нысандарға өздері қызмет көрсетеді. Жылы павильондардың басым бөлігі қала әкімдігінің есебінде тұр, - деп хабарлады Павлодар қаласының әкімдігінен.
Жауапты мекемелердің сөзіне сүйенсек, әлгіндей аялдамалар жылу және жарық жүйелерімен, желдеткіштермен қамтылған. Өкінішке қарай, бұл игіліктерді көпшілік сезіне алмай отыр.
Бұған дейін Өскеменде автобус жүргізушілері мен жолаушылар аялдамалардағы көктайғаққа шағымданып жатқаны туралы жазған едік.