Павлодарда жылу жабдықтарының 92 пайызы тозып тұр
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Алдағы жылу маусымына дайын тұруы үшін жылу жүйелері қазірден тексеріліп, осал тұстары жаңартудан өткізіледі. Облыстағы жылу желілерін жөндеуге 56 млрд теңге жұмсалмақ.

Осы аптадан бастап Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында орталықтандырылған жылумен қамту тоқтатылып, желілерде гидравликалық сынаулар басталды.
Өңірлік энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Иманзайыповтің дерегінше, өткен қыста тұтынушылардан жылудың жетіспеушілігіне қатысты 1,5 мың шағым түскен.
Жылу параметрлерінің төмендеуі бойынша 704 жағдай тіркеліп, 226 технологиялық кемшілік анықталған.
Ал негізгі жылу желілерінде кездескен кемшіліктер саны 300-ге жуықтаған.
«Жаңа жылыту маусымына дайындық іс-шаралары аясында облыстағы энергиялық көздерде 39 негізгі жабдықты, 40 шақырымнан астам жылу желілерін жөндеу жоспарланған. 337 автономды қазандық пен 2,2 мың көпқабатты тұрғын үйді қысқа тыңғылықты дайындау қажет. Жалпы біздің жоспарымызша аталған жобаларға 56 млрд теңге қаражат керек, ең бастысы қаржыландыру жеткілікті болса болғаны» деп атап өтті ол.
«Павлодар жылу желілері» ЖШС жеке қаражатына қанша шақырым желіні жөндейдетіні қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан сынақ жұмыстарының нәтижесінде белгілі болады.
Бұл жұмыстардың алғашқы кезеңі 28 сәуірге дейін жалғасады деп жоспарланған.
Яғни Павлодар қаласының оңтүстік бөлігіндегі құбырлар мен жүйелердің жай-күйі шамадан тыс қысым беру арқылы тексеріледі.
Одан соң шаһардың солтүстік бөлігінде де дәл осындай іс-шаралар жүргізілмек. Ал күзгі сынаулар 31 шілде – 4 тамыз, 5-12 тамыз аралықтарына белгіленіп отыр.
Компания бас инженерінің орынбасары Павел Плетухов жылу желілеріндегі негізгі жабдықтардың тозуы 92,2 пайыз екенін жеткізді.