Павлодардың 8 аймағында ауызсу сапасы нормативке сай келмейді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Эпидемиологтар ауызсумен жабдықтау нысандарынан санитариялық-химиялық көрсеткіштері бойынша 642 сынама алған. Нәтижесінде 35 су сынамасының нормативтері ережеге сай болмай шықты.

Павлодар облысы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті өңірдегі ауызсумен жабдықтау нысандарын жаппай тексеріп жатыр. Көптеген елді мекендерде санитариялық-химиялық және микробилогиялық көрсеткіштер нормадан асып кеткен.
«Органолептикалық және санитариялық-химиялық көрсеткіштер бойынша Ақтоғай, Ертіс, Май, Павлодар, Аққулы ауданында және Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларының ауылдық аймақтарында сәйкессіздіктер анықталды. Ауызсумен жабдықтау нысандарында санитариялық-химиялық көрсеткіштері бойынша 642 сынама зерттелді. Нәтижесінде 35 су сынамасы нормативтерге сәйкес келмеді. Ал микробиологиялық көрсеткіштері бойынша зерттелген 649 су сынамасының 7-уеінде санитариялық ережелердің бұзылғаны тіркелді», - деп хабарлады департаменттен.
Мамандар бұған қоса атмосфералық ауаны санитариялық-химиялық көрсеткіштері бойынша зерттеп, 3 сынамада шекті рұқсат етілген концентрацияның асып кеткені анықталды. Мысалы, Екібастұз қаласының санитариялық-қорғау аймағының шекарасында күкірт диоксидінің жоғары көрсеткіштері тіркелген.