09:33, 24 Қараша 2011 | GMT +5
Павлодардың полиция қызметкерлері үйді тонаған күдіктіні қолға түсірді
ПАВЛОДАР. 24 қараша. ҚазАқпарат /Вера Ливинцова/ - Павлодар ІІБ мен Успен ауданының ІІБ полиция қызметкерлері бірлесе жұмыс істеу арқасында үйді тонаған күдіктіні бірнеше сағаттан кейін қолға түсірді, деп хабарлады ІІД-нің баспасөз қызметі.

Облыс орталығының тұрғыны үйінен 34 мың теңге қаражат, ноутбук, фотоаппарат, 75 мың теңгенің алтын және күміс бұйымдары, сонымен қатар валюта ұрланды деп полицияға хабар берген.
Полиция қызметкерлері екі күдіктіні анықтаған, олар - қала тұрғындары болып шықты. Ұрлық үшін бұрын да да істі болған, 25 жастағы ИнЕУ-дің студенті мен 19 жастағы жұмыссыз жас жігіт.
Облыстың барлық аудандарына ақпарат таратылып, көп ұзамай Успен ауданының шекарасында күдіктілер отырған көлік табылды. Оның ішінде ұрлық жасаған азамат болған.
Автокөлік салонының ішінен фотоаппарат және 2,8 мың доллар қаражат табылған. Ұрлық әрекеті бойынша қылмыстық іс қозғалған, екінші күдіктіні іздеу әрекеті жалғасып жатыр.