Павлодардың тұзына Ресейден сұраныс артқан
![None None](/static/img/plug.webp)
Павлодар тұзына Ресейдің ірі кәсіпорындарынан сұраныс артқан. Қазір Үлкен Қалқаман өзенінде өндірісті кеңейту жұмыстары қолға алынып жатыр. Бұл ас тұзы кенішінің қорын 3 млн тоннаға дейін көбейтуге мүмкіндік береді. Ертіс жағасындағы тұздың мол қоры бірнеше ғасырдан бері белгілі. Оның тұзы ең алғаш XV ғасырдан бастап өндіріле бастаған. Өнім Ертіс өзені арқылы Қытайға дейін жеткізілген. Ал Кеңес үкіметі кезінде облыста «Павлодартұз» тресі құрылып, барлық кеніш өндірістік бірлестікке өтті. Бүгінде тұзды көлдің табиғи қоры 6 млн тоннадан асады. Тұз өндірушілер жылына 100 тың тоннаға дейін өнім шығаруға қауқарлы. Оның біраз бөлігі экспортталады.
- Биыл жоспар бойынша шығарылған 85 мың тонна тұздың 60 мың тоннасын Ресей сатып алып отыр. Қалған 20-25 тонна Қазақстан нарығына жіберіледі. Даму жоспарымыз - жылына 150 мың тоннаға дейін көбейту. Бұл сатылымға шығатын өнім көлемін 120 мың тоннаға жеткізуге мүмкіндік береді. Соның 60-70 мың тоннасы экспортталады, - дейді кәсіпорын диреторы Денис Семенов.
Ас тұзының ең мол қоры Үлкен Қалқаман өзенінде. 1934 жылдан қазыла бастаған. Былтырдан бері жұмыс тоқтап, тұз өндірушілер тың телімге көшті. Кенішті игеруге 100 млн теңгедей қаражат жұмсалды. Мұнда жаңа техникалар, заманауи кенбайыту құрылғылары әкелінді.
Есесіне кеніш қоры 3 млн тоннаға дейін ұлғайды. Нәтижесінде өндіріс көлемі 1,5 есе артады деп жоспарланған.
Өткен жылы тұзөндірушілер Тұздысор кенішіне барлау жұмыстарын жүргізді. Кәсіпорын жер қойнауын пайдалану құқығына ие болды, енді жақын арада жаңа өндіріс орнын ашуды көздеп отыр. Авторлары: Ербол Әбішев