Павлодарға «Сергек» камералары қойылуы мүмкін бе
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодарға биыл «Сергек» камералары қойылады деген әңгіме жұртшылық арасында желдей есіп тұр. Бұл жаңалық жергілікті көлік жүргізушілерін абдыратып қойды. Қаптаған камералар кімге ұнасын. Мәселені зерделеп көрдік.

Қалт еткен қимылыңды қағып түсіретін «Сергек» камералар жүйесі Павлодар облысына әзірше жете қоймаған. Дей тұрғанмен жақын күндері Павлодар, Екібастұз, Ақсу шаһарларына «Сергек» камералары орнатыла бастайды деген қауесет тарады.
Өңірде жоспарланып отырған «Қауіпсіз қала» жобасы шынымен «Сергек» компаниясына берілуі мүмкін бе ?
Павлодар облысы цифрлық технологиялар басқармасының мәліметінше, биыл қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін «Қауіпсіз қала» жобасын іске асыру жоспарланған. Жоба аясында қоғамдық орындарда, көше бойларында, жолдарда 5 мыңға жуық бейнебақылау камералары мен жол жүру ережелерін сақтауға бағытталған аппараттық-бағдармалық кешендер (АБК) орнатылуы керек.
- Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалалары бойынша 250 желілік учаске, 150 көше қиылысы, республикалық және облыстық маңыздағы автожолдардың аса қауіпті 20 учаскесі қамтылуы керек. Бұл жерлерде АБК және Павлодар қаласының қоғамдық орындарында 3 мыңға жуық жалпы бейнебақылау камералары орнатылады. Барлық бейне камералар мен АБК Павлодар облысының жедел басқару орталығына, облыс әкімдігінің ахуалдық-талдау орталығына жалғанады. Сондай-ақ, осы бейне бақылау жүйлеріне жасанды интеллект құралдарын қолдану арқылы бейне-аналитика платформасы жұмыс істейтін болады. Ол іздеуде жүрген азаматтарды анықтап, адамдардың көп жиналғанын, сондай-ақ түтін шықса, қоқыс шашылып жатса көре алады. Жүйе басқа да кейстерімен жабдықталған, - деп түсіндірді басқарма басшысы Ағыбай Әмірин.
Қазіргі уақытта еліміздің үлкен шаһарларындағы ақпараттық-бағдарламалық кешендердің басым бөлігі «Сергек» жүйесіне негізделген. Ендеше павлодарлық жобаны «Сергек» компаниясы иеленуі мүмкін бе?
Басқарма басшысының сөзінше, «Қауіпсіз қала» жобасы қандай да бір белгілі ақпараттық жүйемен байланысты емес.
- Елімізде жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған аппараттық-бағдарламалық кешендердің алғашқылары болып «Сергек» ақпараттық жүйесі енгізілгені мәлім. Көпшілік барлық бейнебақылау камераларын «Сергек» деп атайтындығы содан да болар. Бірақ жалпы республика бойынша қалалық бейнебақылау жүйелерін орнататын және қызмет көрсететін 10-нан аса ірі компания бар. Сондықтан біз ашық конкурс жариялаймыз, оған барлығы қатыса алады. Конкурстық іріктеудің шарттарына сәйкес келетін және «Goszakup.kz» порталында факторлық ұпай өлшемі бойынша мемлекеттік сатып алулар конкурсының қорытындысы негізінде жеңімпаз деп танылған кез келген компания ғана бізбен жұмыс істей алады, - деп қосты басқарма басшысы.
Түйіндей айтқанда, жобаға жауапты мемлекеттік орган таяуда «Қауіпсіз қала» жобасын іске асыру бойынша жеткізушіні анықтау үшін ашық конкурс өткізуді жоспарлап отыр. Ашық конкурсқа нарықта осы қызмет түрін көрсететін, конкурстың шарттарына сай келетін кез келген компания қатыса алады.
Бұған дейін «Сергек» компаниясы ШҚО жолаушы көлігі басқармасымен неліктен соттасып жатқаны туралы жазғанбыз